Тараздық волонтер Президенттің «Алғыс хатымен» марапатталды

0 79

Төтенше жағдай кезінде волонтерлік пен белсенділіктің үлгісін танытып, көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық жасау ісіне белсене атсалысқан Тараздық ерікті Аяулым Расылхан Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатымен» марапатталды. «Алғыс хатты» Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев табыстады ,  — деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Өз еркімен қоғамдағы жұмыстарға белсене араласып, қарттар мен мұқтаж жандарға көмек беріп жүрген Аяулым Расылханды облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев қабылдады.

Жастардың бүгінгі күніне қарап, елдің ертеңін болжауға болады. Өңірімізде өзің сияқты белсенді, мейірімді, жалынды жастардың бар екендігі қуантады. Төтенше жағдай кезінде тәуекелге бел буып, халқыңа көмектесіп жатқаның үшін өзімнің атымнан да алғыс білдіремін, — деді Ержан Жұматұлы.

Аяулым волонтерлықпен 1 курстан бері айналысады. Бұл іспен шұғылдануды өзі қалап, аталған волонтерлық қозғалыстың қатарына қосылды. 2020 жылдан бері облыстық «Жібек Жолы жастары» волонтерлық қозғалысының жетекшісі.

-Басынан әртүрлі жағдайды өткізіп, біз елестете алмайтын жағдайда өмір сүріп жатқан адамдар өте көп. Қарт және көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, сол кісілердің батасын алу біз үшін бәрінен де қымбат әрі бағалы. Сонымен қатар, бізді біріктіретін ортақ дүние – өзгелерге қуаныш сыйлау. Волонтер болып жүрген жастардың баршасы ең алдымен өзін емес, өзгені ойлайды. Соңғы уақытта елімізде волонтерлыққа деген оң көзқарастың қалыптасып жатқаны қуантады — дейді Аяулым.

Айта кетейік, «басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан» деген екен Дени Дидро. Ерікті волонтер болу дегеніміз риясыз мейірімділік көрсету, жаңа дағдыларға үйреніп, адамдарға жақсылық жасау, төрт қабырға ішіне қамалып, тағдырына налып отыратын мүмкіндігі шектеулі жандардың қызықты да əсерлі істер мен оқиғалардың ортасында болуы үшін көмектесу, тағдырдың тезімен қиын жағдайға тап болған адамның жанынан табылу, қолынан келгенше сүйеу бола білу деген сөз. Ол екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Ерікті волонтерлер болу үшін адамдарға ниет білдіру, жаны ашып, есіркей білу, ашуды  ақылға  жеңдіре  білу,  командада жұмыс жасай білу ғана емес, адалдық, парасаттылық сияқты адамгершілік қасиеттер керек.

Мұқтаж адамдарға көмек қолын соза алатын кез келген адам волонтер бола алады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.