Жамбыл облысында 546 млн. теңгенің тәркіленген тауарлары таратылуда

0
241

Жамбыл облысында мұқтаж және аз қамтылған тұрғындарға облыстық салық департаментінің экономикалық тергеу қызметі контрабандашылардан тәркілеген тұтыну тауарларын таратады. Олардың ішінде 546 миллион теңгенің 530 түрлі атаулы киімі, төсек-орын жабдықтары және басқа да тауарлар бар , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтың айтуынша, тауарларды іске асыру тетігі пысықталып, оларды үлестіру бойынша адамдардың санаттары анықталған.

Ең алдымен, әлеуметтік мекемелер – балалар үйлері, қарттар үйлері, психоневрологиялық және өзге де аурулармен ауыратындарға арналған интернат үйлеріндегі қызмет алушылар іріктелді. Сонымен қатар, бұл тізімге облыстағы аз қамтылған азаматтар мен АӘК алушылар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған тұрғындары да енгізілген, — деп атап өтті Баубеков.

Тараз қаласы мен аудандарда бұл көмекке мұқтаж адамдардың тізімі әзірленген. Аз қамтылған халық арасында тауарлардың бөлінуін бақылау тікелей жергілікті әкімдерге жүктелген. Олар осы істе бұзушылықтарға жол берілмеуіне жауапты болады.

Сондай-ақ, Ж.Баубеков тәркіленген тауарларды тарату акциясына облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы да тартылатынын атап өтті. Салалық басқарма тауарларды Тараз қаласы мен аудандарда жұмыс істейтін «Қайырымдылық дүкендері» арқылы таратуға ниетті. Жастар басқармасы қазірдің өзінде 109 мың дана тауарға өтінім берген.

Айта кету керек, тәркіленген тауарлардың бір бөлігі – 10 мың жаңа тауар 3 мамыр күні азық-түліктермен бірге су тасқынынан зардап шеккен көршілес Түркістан облысына жіберілген.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here