Қордай ауданында әзірленген коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина сыналуда

0 7

Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында (БҚПҒЗИ) әзірленген коронавирустық инфекцияға қарсы QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеудің үшінші кезеңі өтуде. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында болып, дәрігерлермен вакцинация барысын талқылады, — жазады «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев еріктілерге вакцина егу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Олардың денсаулықтары толығымен жақсы, аурудың созылмалы түрлері және аллергиялық реакциялары болмауы керек.

— Он күн ішінде мың жамбылдықты вакцинамен қамту жоспарлануда. Еріктілермен келісімшар жасалынады. Инъекциядан кейін субъектілердің антиденелері мен иммунитеті тексерістен өтеді. Бірінші және екінші кезең барысында 244 қазақстандық тестілеуге  тартылды десек, олардың барлығында сәтті өтті. Жағымсыз реакциялар немесе асқынулар байқалған жоқ, — деді ол.

Бердібек Сапарбаев вакцинацияға келіскен еріктілерді әңгімеге тартты. Олар өздерін жақсы сезінетіндерін және туыстарын да вакцинациялау үшін әкелгісі келетіндерін жеткізді.

— Вакцина — халықты әртүрлі аурулардан қорғаудың ең тиімді әдістерінің бірі болып қала береді. Біздің отандық вакцина коронавирустың таралуын тоқтатуға көмектеседі, — деді облыс әкімі.

Дәрігерлермен әңгіме барысында Бердібек Сапарбаев вакцинация пандемияны еңсерудің маңызды қадамы екенін атап өтті.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қордай ауданында түрлі вакциналар оның ішінде Сovid-19-ға қарсы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыт салынып жатқаны баршаға мәлім. Сондықтан дәл осы зерттеулер біздің облысымызда жүргізілуде. Клиникалық сынақтар өндірісті мүмкіндігінше тез іске қосуға мүмкіндік береді. Жамбыл облысы Орта Азия аумағында алғашқылардың бірі болып қауіпті індетке қарсы өз вакцинасын шығарғалы отыр. Бұл орайда көп дүние дәрігерлерге байланысты. Сіздерге де оңай емес екенін түсінеміз. Азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығы сіздердің қолдарыңызда екенін ұмытпауларыңызды сұраймыз. Өз кезегінде, облыс басшылығы да сіздер үшін барлық жағдайды жасауға тырысады, — деді аймақ басшысы дәрігерлерге.

Leave A Reply

Your email address will not be published.