Қазір арқаны кеңге салып жүрсек, қыста зардабын тартамыз — Б.Сапарбаев

0 4

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жем-шөп дайындау, егістікті сумен қамтуға қатысты нақты міндеттер жүктеген болатын. Осыған орай Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына барып, бірқатар жұмыстармен танысты, — деп хабарлайды “Zhambylnews” AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы алдымен Бетқайнар ауылдық округінде орналасқан «Алмаз» шаруа қожалығының  қоймаларын аралап көрді. Жұмабек Әшкенұлы жетекшілік ететін шаруа қожалық бүгінгі таңда аяғына нық тұрып, ауданның, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосуда.

Биыл 200 гектарға күздік бидай, 200 гектарға дәндік жүгері, 50 гектарға жаздық арпа және 40 гектарға пияз еккенін айтқан қожалық басшысы бірнеше жылдан бері көкөніс өнімдерін сақтайтын қоймалар салып жатқанын баяндады.

– Қазіргі таңда 4 қоймамыз бар. Әр қойманың сыйымдылығы – 2000-2500 тонна. Өткен жылы өзіміздің және аудандағы басқа да шаруа қожалықтардың пиязын сақтадық. Алдағы уақытта әр жыл сайын бір қоймадан салып, жалпы санын онға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Ж.Әшкенұлы.

Шаруа қожалықта 15 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.

Бүгінде аудан бойынша көкөніс сақтайтын, жалпы сыйымдылығы 40300 тоннаны құрайтын 32 қойма бар. Аймақ басшысы аудандағы қоймалардың санын арттырып, олардың сыйымдылығын 100 мың тоннаға дейін жеткізуді тапсырды. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасының тұрақтандыруда да айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Айта кетейік, қазіргі таңда жалпы Жамбыл облысы бойынша 233 көкөніс қоймасы бар десек, онда 243,4 мың тонна өнім сақтауға болады. Аудандар мен Тараз қаласындағы осындай қоймалар саны мен сыйымдылығын еселей түсу бойынша да нақты шаралар қабылдануда.

Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев Степное ауылдық округіне барып, жоңышқа, жүгері алқабын аралады. Ауылдық округте қазір жиын-терін науқаны қыза түсіп, қысқы мал азығын қамдау жұмыстары қарқынды жүруде. Ауылдық округ әкімі Жүсіпбек Спанов  шаруашылықтардың егістік алқаптарының басынан тайланған шөптің бір түгі 1300-1500 теңгенің көлемінде сатылып жатқанын айтты.

– Қазірден қамданбасаңыздар, қыста зардабын өздеріңіз тартасыздар. Сондықтан арық-атыздардың, өзен-көлдердің жағасындағы шөптің барлығын орып алыңыздар. Одан кейін егіс алқаптарындағы масақтарды да ұқыптап жинап алу керек,– деді Б.Сапарбаев.

Ал аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділет Қаспақбаевтың сөзіне сүйенсек, мал қыстауын қалыпты өткізу үшін жалпы аудан бойынша 471000 тонна шөп дайындау қажет. Қазіргі таңда оның 70 пайызы дайындалып үлгерген.

– Бірінші кезекте мал азығына деген ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында әрбір ауылдардағы шаруашылықтарға дайындалған жем-шөпті көрші облыстарға сатпау бойынша аудан әкімінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Ал, қажетті жемшөп қорын дайындауға мүмкіндіктері жоқ жеке қосалқы шаруашылықтарға аудандағы ірі шаруа қожалықтары жеткізіп беруде, –дейді Ә.Қаспақбаев.

Сондай-ақ, ауданда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес әр ауылдық округтерде жұмысшы тобы құрылып, жеке үйлерді зерделеу арқылы кімге қанша шөп жетпейтіні анықталуда екен.

Аудан бойынша 39,4 мың гектар суармалы жер бар. Судың тапшылығы білінгенімен, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қордай филиалының бөлімшесінің мамандарымен бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесінде аудан әкімінің қаулысымен штаб құрылып, кесте жасалып, кезең-кезеңімен шаруа қожалықтарға су берілуде.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев Әлжан ана ауылындағы «Нұр» шаруа қожалығының жүгері алқабына арнайы ат басын бұрды. Қожалық биыл иелігіндегі 200 гектар суармалы жердің 75 гектарына жүгері егіпті. Облыс әкімінің ауданға жұмыс сапары Қырғыз Республикасының Чу облысы, Иссык Ата ауданында орналасқан «Чумыш» су торабында жалғасты. Қазіргі таңда «Георгиевский» каналы арқылы Қордай ауданына секундына 13 текше метр су кетіп жатқанын жеткізді.

Бұған дейін каналға мұнша көлемдегі су жіберілмеген. Жалпы Қырғыз тарапымен келісім бойынша «Георгиевский» каналына 22 миллион текше метр су жіберілу керек екен.

Облыс әкімі вегетациялық кезеңде су тапшылығын туындатпау аса маңызды екенін баса айтып, сол бойынша аудан әкіміне жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.

Сондай-ақ аймақ басшысы Гвардейск қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты қызметкерлеріне арналған көпқабатты үйлердің құрылысымен танысты. Қазір мұнда әрқайсысы 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Әр үйге келісімшарт бойынша 833,1 миллион теңгеден қарастырылған.

Жауапты мердігер – «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Нұрлан Серікбаев екі айда құрылыс жұмыстары толық аяқталатынын айтты.

Одан бөлек өңір басшысы осы аумақта салынып жатқан спорттық-сауықтыру орталығының құрылысына да қанықты.

Жұмыс сапарын Бердібек Сапарбаев қалашықтағы Биофармацевтикалық зауытта түйіндеді. Зауытта штаб отырысын өткізіп, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері институтының директоры Күнсұлу Закария, басқарма басшылары, мердігерлер, шетелдік эксперттер (Украина, Италия, Чехия, Германия, Қытай) атқарылған жұмыстарды баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дайындалған Жол картасындағы тапсырмаларды мерзімінде орындау туралы ескертпелер айтылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.