Биыл 1 шілдеден бастап жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция толық көлемде күшіне енгені белгілі. Соған сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесінде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылады. Жаңа Конституцияның қабылдануымен бірге аталған құнды құжат жарқын болашаққа жол ашады деп сенеміз. Конституцияның 1-бабында адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы екені нақты көрсетілген. Бұл қағида мемлекет қызметінің түпкі мақсаты – адамды қорғау, оның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қоғамдағы өмір сапасын арттыру екенін білдіреді. Осы қағидаға сәйкес, мемлекеттік органдар қабылдайтын барлық шешімдер ең алдымен азаматтардың мүддесі мен игілігін ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс. Яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің барлық бағыттары адам факторы мен оның әл-ауқатына негізделеді. Жаңа Ата заң 11-бөлімнен және 96-баптан тұрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты ел азаматтарына жасаған Үндеуінде: – Құрметті отандастар! Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады. Біз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсеміз. Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады. 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық. Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның символдық мәні зор. Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтарымыздың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі. Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсатмұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ. Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз! Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы жоспарларымызды ойдағыдай орындаймыз. Мен бұған кәміл сенемін! Қазақстан Республикасы жасай берсін! Халқымыз мәңгі жасасын!» деп атап өткені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша атап өткендей, Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуіне байланысты Тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталды. Біздің ел осынау құндылықтар арқылы саясиэкономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсетіні сөзсіз. Онымен қоса, Президенттің Үндеуінде: «Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады. 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық» делінген. Елімізде қолға алынған осынау ауқымды жұмыстың барлығы жастардың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көріп, оны ары қарай лайықты жалғастырады деген үлкен сенім бар. Төл тарихқа құрметпен қараймыз. Ал келешекте кім болатынымыз тек қана өз қолымызда екенін де жақсы түсінеміз. Өркениетті әрі озық елдің ғана заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді.
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Денсаулық сақтау жүйесінің үздігі, Жуалы ауданының Құрметті азаматы. «Құрмет» орденінің иегері