Қазақстан Ұлттық банкі отандық рейтинг агенттігінің құрылтайшысы болады

0 47

Президент «Кредиттік рейтингтік қызмет туралы» заңға қол қойды. Құжат Қазақстандағы рейтинг агенттіктерінің жұмысына бірыңғай талаптар енгізеді.

Бұл елдің қаржы нарығына қандай өзгеріс әкеледі?

Қазақстанда кредиттік рейтингтерді заңға сәйкес тіркелген және танылған кредиттік рейтинг агенттіктері ғана бере алады. Олар қазақстандық, халықаралық және шетелдік агенттіктер болып нақты жіктеледі.

Негізгі жаңашылдықтың бірі – қазақстандық рейтинг агенттігін құру. Оның құрылтайшыларының бірі Қазақстан Ұлттық банкі болады. Заңда бұл агенттіктің капиталына, корпоративтік басқаруына, ішкі бақылауына және мүдделер қақтығысын реттеуге қатысты жеке талаптар белгіленеді.

Агенттіктер тек кредиттік рейтингтер ғана емес, рейтингтің өзге де түрлерін бере алады. Заңда корпоративтік басқару, исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкестік, егемен кредиттік, орнықты даму және басқа да рейтинг түрлерін беру мүмкіндігі қарастырылған.

Бұл ретте бағалау әдістемелері ашық әрі негізді болуы тиіс. Рейтинг беруге негіз болатын ақпарат сапалы әрі сенімді болуы қажет. Сондай-ақ агенттіктер заңда көзделген ақпаратты ашуға және өз қызметінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.

Жаңа агенттік басшылығына қандай талап қойылады?

Қазақстандық рейтинг агенттігінің басшы қызметкерлеріне жеке талаптар белгіленген. Басшылық лауазымдарға жоғары экономикалық, заңгерлік, математикалық немесе техникалық білімі және қажетті кәсіби еңбек өтілі бар адамдар тағайындала алады.

Сонымен қатар басшылардың мінсіз іскерлік беделі болуы шарт. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарға шектеу қойылады. Сондай-ақ бұған дейін қаржы ұйымында басшылық лауазымды атқаруға берілген келісімі кері қайтарылған немесе сол лауазымнан шеттетілген адамдарға да шектеулер қарастырылған.

Үміткерлердің белгіленген талаптарға сәйкестігін қазақстандық рейтинг агенттігінің өзі тексереді.

Жалпы заң кредиттік рейтингтер нарығының жұмыс тәртібін реттейді. Онда рейтингті кім бере алатыны, бағалау қандай қағидаттар бойынша жүргізілетіні және агенттіктер мен олардың басшылығына қандай талаптар қойылатыны белгіленген.

Бұл рейтингтік қызметтің ашықтығын арттырып, рейтингті пайдаланушыларды негізсіз немесе мүдделер қақтығысына байланысты берілген бағалаулардан қорғауға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Заң 2026 жылғы 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі. Ал оның жекелеген нормалары 2027 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Бұған дейін қазақстандықтарға айыппұлсыз кредиттен бас тартуға 14 күн берілетіні хабарланған еді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.