Созақта қола дәуіріне тиесілі қорым табылды

0 45

Созақ ауданындағы Қызылкөл тарихи-мәдени аймағында археологтар қола дәуіріне тиесілі қорымды зерттеді. Қазба барысында ерекше құрылымдағы жерлеу орны мен отбасылық қорымнан көне жәдігерлер табылды.

Археологиялық қазба жұмыстары Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанындағы Н. П. Подушкин атындағы археология орталығының басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор А. Н. Подушкиннің жетекшілігімен жүргізілді.

Биылғы археологиялық зерттеулерге университет жанындағы археология орталығының қызметкерлерімен қатар «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының мамандары да қатысты.

Түркістан облысының Бәйдібек ауданына жаңа әкім тағайындалды
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

Археологтар зерттеген алғашқы нысан кейінгі қола дәуіріне жатады. Зерттелген негізгі нысандардың бірі — Тасбастау қорымы.

Жерлеу орнының диаметрі — шамамен 10 метр. Құрылысы да өзгеше. Айналасы тігінен қойылған тас тақталармен қоршалып, дөңгелек пішінде жасалған. Ортасында екі бөлек құрылыс орналасқан. Оның бірі — ішкі жағы ірі әрі жалпақ тастармен қаланған тас қабір болса, екіншісі — қабырғасы таспен өрілген жерлеу құрылысы.

Жерлеу орны ерте кезеңде тоналғанымен, қазба барысында қыш ыдыстардың сынықтары мен тұмар табылды. Зерттеушілердің мәліметінше, жәдігерлер нысанның б. з. д. XIV–XII ғасырларға, яғни кейінгі қола дәуіріне жататынын көрсетеді.

Түркістан облысының Бәйдібек ауданына жаңа әкім тағайындалды
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

— Оңтүстіктегі Таутары, Бағаналы сияқты қола дәуірінің басқа қорымдарында жалпақ тастан жасалған қоршаулар мен тас жәшіктер кездеседі. Ал Қызылкөлдегі нысанның ерекшелігі — оның жоспарының дөңгелек пішінде болуы. Бұл оны өңірдегі аз зерттелген қола дәуірі ескерткіштерінен ерекшелейді, — деді А. Н. Подушкин.

Келесі зерттелген нысан — Қызылкөл-1 қорымының үшінші сағанасы. Отбасылық қорымнан ер адамның, әйел адамның және екі баланың сүйектері табылды. Сонымен қатар сусар немесе түлкі сүйегінен өңделіп жасалған сирек кездесетін тұмар анықталды.

Алайда әйел адамның бас сүйегінен ерекше белгі байқалды. Самай тұсында ежелгі қару — соғыс балғасының соққысынан қалған жарақат ізі сақталған. Ғалымдардың пайымдауынша, жарақат тірі кезінде салынған және өлімге себеп болуы мүмкін.

— Қазіргі таңда екі нұсқа қарастырылып отыр. Бір болжам бойынша, әйел жерлеу рәсімі кезінде өлтіріліп, ер адаммен бірге жерленуі мүмкін. Алайда оның шайқас кезінде жараланып, жарақатынан қаза болуы да ықтимал, — деді А. Н. Подушкин.

Қорым
Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

Ғалымның айтуынша, әйелді ер адаммен бірге жерлеу үшін өлтіру дәстүрінің Қаңлы мемлекетінде болғанын дәлелдейтін дерек жоқ. Керісінше, сол кезеңде әйелдердің қоғамдағы әлеуметтік орны жоғары болғанын көрсететін мәліметтер бар.

— Әйелдердің әлеуметтік жағдайы жоғары болған. Соғыс кезінде олар көбіне тұтқынға алынған, ер адамдар сияқты өлтірілмеген. Дегенмен Қаңлы құрамында сармат тайпалары болғанын ескерсек, әйелдердің әскери қақтығыстарға қатысуы да мүмкін. Сармат қоғамында әйелдердің жауынгер ретінде соғысқа қатысқаны белгілі, — деді профессор.

Археологтардың айтуынша, Қызылкөл тарихи-мәдени аймағында жүргізілген стационарлық қазба жұмыстары нәтижелі болған. Зерттеу жұмыстары алдағы уақытта жоспарға сәйкес жалғасады.

Бұған дейін Қаратаудағы көне қалашықтан бірнеше дәуірдің жәдігерлері табылғанын жазған едік.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.