Жұмыс істейтін әйелдердің декреттік төлемі сақталады — депутат

0 45

Құрылтай депутаты Ләззат Қожахмет 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін әлеуметтік жәрдемақылар саясаты туралы түсіндірді.

Оның айтуынша, жұмыс істеп жүріп бала босанған әйелдерге 1,5 жасқа дейінгі декреттік төлем беріледі. Оның мұқтаж немесе ауқатты екені маңызды емес.

— Сіз жұмыс істеп жүрдіңіз, ай сайын барлық жарнаны төлеп тұрдыңыз. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры сіздің бұған дейін алған жалақыңыздың 40 пайызын балаңыз бір жарым жасқа толғанға дейін төлей береді. 1 қаңтардан кейін де дүниеге бала әкелген А категориясында және В категориясындағы әйелдер де декреттік төлемді ала береді, — деді Ләззат Қожахмет.

Бұл ретте 1 қаңтардан бастап, жұмыс істемей, үй шаруасында отырып, баланы дүниеге әкелген әйелдердің мұқтаждық деңгейі қаралады.

— Егер оның отбасы мұқтаж болса ғана бұл төлемді алады. Егер мұқтаж болмаса, яғни әйел адам жұмысқа жарамды болып тұрса, денсаулығында кінәрат болмаса, яғни оның өмір сүруіне жеткілікті отбасында табысы бар деген сөз. Осы отбасына А және Б категориясына кіретін әйелдер бұл төлемді ала алмайды, — деді депутат.

Қазіргі уақытта Қазақстанда осы декреттік төлемдерді алып отырған A және B санатына кіретін 11 мың әйел бар.

— Жыл сайын 200 мың, 300 мың бала дүниеге келсе, соның ішінде 11 мың әйел A және B санатына жатады. Сондықтан жұмыс істеп жүрген әйелдер еш қауіптенбесе де болады. Алаңдамаңыздар. Өзіңіздің денсаулығыңызға және өмір сүруіңізге жеткілікті табыс тауып, содан кейін балаңызды дүниеге әкелетін болсаңыз, сізге мемлекет жан-жақты қолдау көрсетеді. Соңғы екі жылдағы табысыңыздың 40 пайызын декреттік төлем ретінде бала 1,5 жасқа толғанша ала аласыз, — деп түсіндірді Құрылтай депутаты.

Еске сала кетсек, Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесі толық көлемде іске қосылады.

Сондай-ақ отбасының мұқтаждығын бағалау кезінде табыс қана емес, шығыстар да ескерілетін болады.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.