Тараз-Түркістан рухани сапары

0 42

Еліміздің ынтымағы мен тыныштығын сақтау үшін қоғамымыздағы кез келген дін өкілі бейбітшілік пен жарқын өмірді ту етіп ұстап, татулық тұғырын құлатпауды басты назарға алуы тиіс. Жерімізде 140-тан астам ұлт пен ұлыс мекен етіп, өмір сүретіндіктен, әр этностың өзіндік мәдениеті мен тағылымы, діни сенімі мен дәстүрі бар екенін естен шығармай, құрмет көрсету — адами борышымыз.
Осыған орай, Рухани келісім күні қарсаңында еліміздің тарихи-мәдени, рухани, сәулеттік мұрасымен танысу мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша «Кимберли-Тараз» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 2026 жылдың 30 қыркүйек — 1 қазан күндері аралығында өңірімізде қызмет атқаратын ислам және христиан бағыттарындағы діни бірлестіктер өкілдеріне Түркістан облысындағы қасиетті орындарға арнайы сапар ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты — діни бірлестіктер арасында өзара түсіністік пен құрметті нығайту, дінаралық диалогты дамыту, толеранттылық пен қоғамдық келісімді дәріптеу болып табылады. Осындай игі мақсатты арқалаған тығыз әрі мазмұнды сапар таңғы уақытта Тараз қаласында қатысушылардың жиналуымен басталып, жайлы шағын автобуспен жолға шығумен жалғасты. Жолаушылардың алғашқы аялдамасы — табиғаттың тылсым сырын бүккен жұмбақ Ақмешіт үңгірі болды. Табиғи көрікті жердің ажарын тамашалап, үңгірдің ішіне түсіп, естелік суретке түсу барлық қатысушыға ерекше әсер сыйлады. Мұнан соң керуен жолдарының бойындағы бағзы заманның куәсі — Ислам діні мен ұлттық руханиятымыздың темірқазығы болған Арыстан Баб кесенесіне бет алған топ, кешеннің көне тарихымен танысып, баба рухына тағзым етті. Одан кейін Түркістан қаласына қарай жол тартты. Сапардың кульминациялық бөлігі — Түркістанның қасиетті тарихи орталығында жалғасты. Қатысушылар еліміздің басты сәулет және рухани маржаны — Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, кешенді тікелей тамашалады. Ғимараттың қайталанмас сәулет өнері мен тарихына қатысты құнды экскурсиялық әңгімелер барлық қонақтың дүниетанымын кеңейте түсті. Одан кейінгі бағыт — Қожа Ахмет Ясауидің тыныс-тіршілігімен, рухани мұрасымен тығыз байланысты көне Жерасты Хильветіне ұласты. Бұл мекен — адам баласын ойландыратын, терең тарихқа бойлататын қасиетті орын ретінде ерекше әсер қалдырды.
Күннің екінші жартысында саяхатшылар әлемдік деңгейдегі заманауи туристік нысан — «Керуен Сарай» кешеніне барып, «Венеция» арналары мен көрікті жерлерінде серуендеді. Бұл жерде қатысушылардың демалып, естелік сауда жасауына, фотозоналарда әдемі кадрлар түсіруіне толық жағдай жасалды.
Түркістаннан кері қайтқан керуен жоспар бойынша келесі күні түс ауа туған Таразға оралды. Әр түрлі дін өкілдерінің бір шаңырақ астында бас қосып, халқымыздың тарихы мен рухани мұрасына ортақ құрмет көрсетуі — еліміздегі татулық пен бірліктің жарқын көрінісі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сырлы саяхатқа толы сапарға қатысушылар рухани демалыстың кемеліне жеткенін айтып, ұйымдастырушы тарапқа алғыстарын арнады. Мұндай бастамалардың нәтижесі жемісті де жеңісті, ел бірлігі жолында игілікті боларын жеткізді.
Осындай игі іс-шаралар қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, дінаралық келісім мен өзара сыйластықты арттыруға маңызды үлес қоса беретіні анық.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.