Республика күніне орай веложарыс ұйымдастырылды

0 15

Бүгін Республика күні ұлттық мерекесіне орай, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Тұрар Рысқұлов ауданының  аумағында ауқымды веложарыс ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараның басты мақсаты – тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақты спортқа баулу және қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру.

Спорттық шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов те қатысып, веложарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, барша жұртшылықты Республика күнімен құттықтады. Сонымен қатар мұндай игі бастамалардың тұрғындар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтып, қоғамның спорттық әрі экологиялық белсенділігін арттырудағы маңызын атап өтті.

Тартысты дода Қарақат ауылынан бастау алып, қатысушылар белгіленген 13 шақырымдық қашықтықты бағындырды. Жарыс барысында әрбір спортшы өз дайындығы мен төзімділігін, шапшаңдығы мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Қатысушылар мәреге жету үшін бар күш-жігерін салып, өзара тартысты бәсекеге түсті. Веложарысқа қатысушылардың белсенділігі мен көтеріңкі көңіл күйі мерекелік шараның ажарын аша түсті.

Жарыстың негізгі кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, орталық саябақтағы мәреге бірінші болып Р. Сәбденов ауылының тұрғыны Әміржан Маушев жетті. Ол өзінің ширақ қимылы мен жоғары дайындығының арқасында қарсыластарынан озып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Сондай-ақ жарыс аясында 40 жастан асқан спортшылар арасында да жеке сайыс ұйымдастырылды. Бұл санатта Жарлысу ауылының тұрғыны, жасы 60-қа толғанына қарамастан, спортқа деген құлшынысы мен жігерін жоғалтпаған ардагер спортшы Бекет Жиенқұлов үздік атанды. Ол өзінің ширақ қимылы, төзімділігі және табандылығы арқылы өзінен жасы кіші қатысушыларға үлгі болып, мәреге озып келді.

Ардагер спортшының бұл жетістігі жасқа қарамастан, спортпен тұрақты айналысу адамның сергек әрі белсенді болуына мүмкіндік беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Оның жеңісі жарысқа қатысушылар мен көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы бағалы сыйлықтармен және Алғыс хаттармен марапатталды. Ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс білдіріп, олардың спортқа деген қызығушылығы мен белсенділігін жоғары бағалады.

Айта кету керек, Республика күніне орай өткізілген бұл веложарыс – жай ғана спорттық бәсеке емес, ел бірлігін нығайтып, азаматтарды ортақ мақсат төңірегіне топтастыратын тағылымды шаралардың бірі. Әсіресе «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылуының мәні зор. Себебі таза қоршаған орта қалыптастыру тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, әрбір азаматтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырудан басталады.

Осындай бұқаралық спорттық іс-шаралар тұрғындарды белсенді өмір салтына жетелеп қана қоймай, жастарға үлгі көрсетіп, аға буын мен кейінгі ұрпақ арасындағы сабақтастықты нығайтуға да ықпал етеді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының басын қосып, өзара ынтымақтастық пен қоғамдық белсенділікті арттыруға жол ашады.

Еліміздің ең қастерлі мерекелерінің бірі – Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған веложарыс қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік рухты асқақтатты. Салауатты ұлт қалыптастыру мен туған өлкенің тазалығын сақтау жолындағы мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.