Арнайы экономикалық аймақтарда инвестициялық офицер лауазымы енгізілмек

0 3

Арнайы экономикалық аймақтарда инвестициялық офицер лауазымы енгізілмек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының «Арнайы экономикалық аймақтар мен олардың басқарушы компаниялары қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау» тапсырмасын іске асыру үшін арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігіне талдау жүргізілді. Тиісті жол картасы әзірленді. Сондай-ақ қолданыстағы заңға түзетулер топтамасы дайындалды», — деді министр.

Оның атап өтуінше, инвестициялардың көлеміне, салық түрлеріне және өнімнің күрделілігіне байланысты жеңілдіктер мерзімдерін саралау, арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының өзіне алған барлық міндеттемелерді орындау шартымен шарт мерзімі аяқталғаннан кейін жер учаскесін сатып алу мүмкіндігін белгілеу, жұмылдырылған мемлекеттік органдар мен ұйымдардың рөлі мен жауапкершілігін күшейту, басым бағыттарды айқындау жөніндегі тәсілдерді қайта қарау заңнамалық деңгейде ұсынылады. Бұл заңнамалық бастамалар барлық келісу рәсімдерінен кейін Үкіметке енгізіледі.

«Басқарушы компаниялардың кадрлық құрамын нығайту мақсатында мыналарды ұсынамыз. Біріншіден -инвестициялық офицер лауазымын енгізу. Екіншіден — Директорлар кеңесінің құрамына инвестициялар тарту саласында тәжірибесі бар тәуелсіз директорлар, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өңірлік өкілдерін енгізу. Үшіншіден — табысты шетелдік Арнайы экономикалық аймақтарда біліктілікті арттыру курстарын және тағылымдамаларды ұйымдастыру.

«Сондай-ақ біз басқарушы компаниялар тиімділігінің негізгі көрсеткіштерін қайта қарауды жоспарлап отырмыз»,- деді Қайырбек Өскенбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.