Тараз қаласында бірнеше әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы «ZhambylNews» ақпарат агенттігі жазады.
Күн сайын түрленіп, жаңа кейіпке еніп келе жатқан шаһардағы құрылысы қызып жатқан нысанның бірі №4 орта мектеп. Мұнда білім ордасының жаңа ғимараты салынуда. Мердігер «Бірлік Сервис және Ко» ЖШС. 180 орынға шақталған орта мектептің құрылысы мердігердің айтуынша жыл соңына дейін аяқталмақ. Ал уақытша көрші №33 орта мектепте білім алып жатқан оқушылар үшінші тоқсанда олар өз мектептерінде оқитын болады.
Сондай-ақ, «Асар» оңалту кешенінің жаңа ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары да аяқталуға жақын. Ғимаратта емдік дене шынықтыру кабинеті, логопед, психолог, социолог, сондай-ақ инва-такси диспетчерлік қызметі іске қосылады. Бұдан бөлек, кешенде мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс істеуі үшін бірден 7 шеберхана ашу жоспарлануда.
Қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған «Тектұрмас» этно-тарихи кешені аумағында да бірнеше нысанның құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Негізгі бөлігі жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.