Екеуі де үнсіз. Келіншек жігітке қарай бұрылып, оны құшып алқымынан иіскеп, құшырлана қысқысы келіп еді, бірақ олай етпеді. Қорықты. Шотмаңдай, қалың қабақ жігіттің түсі суық. Жігіт болса төбеге қарап шалқасынан қимылсыз жатыр.
— «Сарыағашты» әкел, бар, — деді әлден уақытта қалпын өзгерпестен. Бұл орнынан көтеріліп халатына қол соза беріп еді, әмірлі үнмен:
Солай бара бер, — деп күңк етті. Суды шалқалай жатқан қалпы қылқылдатып жұтып орталап барып тоқтады.
Бүгінгі автобуспен кетемін, ақша керек, — деді киініп жатып. Келіншек әкеліп берген ақшаны қалтасына салып алған жігіт есік аузына барғанда артына бұрылып:
— Қайтып келген соң соғамын, — деп бұған тағы бірдеңе айтуға оқталғандай сәл қадала қарап, қалың қастарын керіп ойланып тұрды да, үндеместен қоштаспай шығып кетті.
Әзиза үнсіз ғана оның артынан есікті жауып алды. Ас үйге барып жартысынан аздау қалған арақты шәй кесеге жартылай құйып алды да тартып жіберді. Ашырқанбастан есеңгірегендей ескі орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Содан қимылсыз ұзақ меңірейіп отырды. Келіншектің қос жанарынан аққан жас бүйрек бетімен төмен сырғып бара жатты.
Ол Әмірді Арыс өзенінің бойындағы «Социализм» ауылына келін болып түскеннен таниды. Онда Әмір сегізінші класты жаңа бітірген бозбала болатын. Әзиза келін болып түскен үйден кейінгі үшінші үйде тұратын. Отбасында оншақты жаны бар Әмірдің әке-шешесі мақташы болғандықтан көктемнен күзге дейін, мақта жиылып алынғанша таңның атысы, күннің батысы мақталық алқапта жұмыс істейтін де, үйде қалған үбірлі-шүбірлі бала-шағаға осы Әмір мен әпкесі бас-көз болатын. Үй шаруасын да екеуі тындырып, тамақ-шәйін де өздері пісіретін. Бұл көрші болғандықтан олардың үйіне жиі бас сұғатын. Сонда Әмірдің бірде тамақ жасаса, бірде кішкентай інісінің жаялығын, не дамбалын жуып, тіпті бірде ертелетіп сиыр сауып отырғанын да көрген. Ол мектепте де жаман оқымайтын сияқты еді, әрі күрестен мектеп атынан түрлі жарыстарға барып-келіп жүретін. Мектеп бітіретін жылы көктемде аудан орталығындағы үлкен бір жиында күреске шығып «Урал» мотоциклін жеңіп әкелген. Әкесі көрші-қолаңға жуып, мәре-сәре болып қуанған. Бірақ, кейін әкесін сабап, сол мотоциклін мініп қашып, сатып жібергенін де естіген.
Мектептен соң Әмір жүргізушілік курсты бітіргенімен ешқайда жұмыс істемей әскерге шақырылғанша ауылдағы ең төбелесқор бозбаланың бірі ретінде аты шығып, бос сенделіп жүрді. Өзінің қатарлары түгілі ересектер де одан қаймығатын. Содан ол армияға кетіп ауыл тыншыған. Өзінен бірнеше жас кіші сол Әмірмен араға біраз жыл салып жолығамын, көңілдес боламын деп ойлап па, ол кезде Әзиза.
Әзиза келін болып түскен үйінде төрт жылдай тұрып екі сәбилі болды. Бірақ ынжық күйеуі мен енесінің қыңырлығына шыдамай ақыры ажырасып төркініне келген. Ата-анасының үйінде мұнымен екі баласынсыз да ауыз жеткілікті. Сосын масыл болмайын деп іліккен жұмысты жасап, сауда істеп тиын-тебен тауып жүрді. Итшілеп іліккен затпен сауда жасап жүргенде бір таныс әйел Жезқазғанға барып сауда жасауға шақырды. Тауар айналымын жақсартып алғанша біраз қаржы беріп көмектесті. Алғаш алыс жерге шығып көрмегендіктен елегзігенімен кейін үйреніп кетті. Саудасы да жақсы, үйіне әжептәуір қаржы да жіберіп тұрады.
Бір жолы базарда сауда жасап тұрғанда ортадан биіктеу бойлы, кең иықты, қоюлау қара қасты жігіт Әзизаның көзіне жылы ұшыраған. Есіне түсе кетті, Әмір екен. Соқтауылдай келісті жігіт болыпты. Бұл өзі шақырып алып сөйлесті. Бірге тұратын көрші әйел Түркістанға тауарға кеткен еді, Әмірді кешке үйіне шақырып, шымкентшелеп палау жасап берді. Екеуі «жүздетті», ақыры ол қонып қалды. Барлық бәле содан басталды. Әмір Жезқазғанда көп кідірмейтін, бірде Қарағандыға, бірде Шымкентке, енді бірде тағы басқа жағында жүре беретін. Бірақ Жезқазғанға келген сайын мұның базардағы орнын сырттан байқастап, қасындағы әйел жоқ болса үйіне келіп қонатын.
Алғашқы кезде тегеурінді жас жігіт еркексіреп жүрген жас әйелге жақсы болып еді. Тамаққа тойдырып, қасына қондырып, қалтасына аздап ақша салып беретін. Бір жолы бес мың теңгесі жоғалды. Әмір келгенде содан сұрап еді, оның көзі шатынап кетті. «Екінші рет бәлеңді маған жапсаң бауыздай саламын», деп шаппалы қанжарын мұның тамағына тақап, «маған қажет болса бес мың емес, елу мың теңгені өзің қалтама салып бересің, түсіндің бе», дегенде оның отты көздері жыртқыштың жанарындай қанталап кеткендей болған. Зәресі ұшқан Әзиза мына түрімен әкесін сабамақ түгілі өлтіре салудан да тайынбас, деп ойлаған.
Қорқып қалғаны сонша арбалғандай соның айтқанынан шықпайтын болды. Осы Жезқазған базарында қызулау екі жігітпен бір өзі төбелескенін де көрген. Әмір өзімен тұрқы шамалас әлгі екі жігітті аяусыз ұрып-теуіп жайратып салып, ештеңе болмағандай жөніне кеткен. Сондағы сұсты түрі тіпті кісі шошырлық еді. Бүгін де, міне, қызылкөзденіп келді де тамақ-арақ ішіп, мұны төсекке алып ұрып жәукемдеген соң ақша алды да кетті…
Бұл кезде Әмір Бетпақдаланың ұшы-қиыры көрінбейтін маң даласында оңтүстікті бетке алып артынан шаңын шұбалтып кетіп бара жатқан «Кабз» автобусының ішінде қалғып отырған. Автобустың алдыңғы екі-үш орындығында кәрі-құртаң, жас балалы кісілер, арт жағындағы сәкіленіп киіз төселген жайдақ орындарда қалғандары сығылыса жайғасқан. Ең артта алашамен жауып қойған мал терілеріне таяу жерде, бұрышта жамбастай отырған Әмір жанындағы отыздардағы келіншектің өзіне басын сүйеп пысылдап ұйықтағанына қарап әлдене ойланған күйде.
Жезқазғаннан шығарда екі-үш құрбысы «жолашарлатып» шығарып салған бұл келіншек мұның жанына өзі келіп жайғасқан. Әрдеңені айтып мұны сөзге тартпақ болып еді, ыңғай бермеді, бірақ өзіне сүйкене жайғасып жатқан масаң келіншектің мықынынан мытып-мытып жіберді. Ол да мекірене сиқырлы көздерін төңкеріп, қылымси қарады. Көп ұзамай машинаның ырғағымен қалғи бастаған келіншек мұның иығына басын қойып алды.
Жезқазған – Қызылорда тасжолының орта тұсынан өтіп, күн бата автобус жол жиегіндегі шәйханалардың біріне келіп тоқтады. Екі киіз үй мен тоқал там түрінде салынған екі үлкен бөлмесі бар жатаған үйге жолаушылар бөліне орналасып тамақтанды. Әмір жанындағы келіншекпен өзгелерден бөлектеу отырып, тамақпен бірге бір жартыны бөле ішіп, танысып алды. Кішігүл қайтадан қызыңқырап көп сөйлеп, Әмір көбіне тыңдаумен отыр. Бұл түркістандық келіншек Жезқазғанға тауар әкеліп таныстарының көмегімен көтере сатып, қайтып келе жатқан беті екен. Жынды судың қызуымен көңілді отырған Кішігүл Әмірге көзін сүзе қарап:
— Оншақты жас үлкен деп менсінбей отырмысың? Қатынның жасы емес қылықтысы тәтті болады, біліп қой. Қазіргі кезде жас жігіттер өзінен он-онбес жас үлкен әйелдерге «тиіп» алып жатыр ғой. Бірақ, менің байым өзіме жетеді, сен «мынауский любовник» болсаң жарайды, хе-хе-хи-хи, — деп ерсілеу күлді. Әмір отты жанарымен жалт қарады да, көзін дереу тайдырып әкетті.
Бұлар таңғы бестерде Түркістанға жетті. Әмір мен Кішігүл қалаға кіреберісте түсіп қалды. Шеткеректегі топ ағаштың түбіне барып жолдағы шәйханадан алған арақты ішіп, арасында ойнастық жасап дегендей біраз болды. Жезқазғаннан шыққалы ішіп келе жатқан Кішігүл жол соққаны бар, арақтың күші бар, таңғы ұйқы қысты ма, бір кезде қылжиып ұйықтап қалды. Әмірдің де күткені сол еді, келіншектің ышқырынан жоғарырақ буылған шүберек белдігінің түйрегішін ағытып, екі бөлек буылған ақшаның бір бөлегін қалтасына салып алды да киімін қағынып қалаға апаратын тас жолмен жаяу аяңдап кетті.
Кішігүл оянғанда күн арқан бойы көтеріліпті. Дереу етегін жапты, басы «зырқылдап» зілдей болып көтертпейді. Ол басын көтеріп жанында жатқан сусынды қылғытып тамағын жібіткендей болды. Сосын ақшасы есіне түсіп белдігін сипалап еді, бір бумасы жоқ. Жүрегі «зу» ете қалды, жетпіс мыңын алып кетіпті. Желігемін деп жүріп жер қапқанын түсінді…
Бұл кезде Түркістаннан жалдаған таксимен Шымкентке қырық шақырымдай жердегі туған ауылының тұсынан зулап өтіп бара жатқан Әмір балалық шағында талай шомылып, балық аулап, жиделі тоғайында асыр салып ойнаған Арыс өзенінен өтетін көпірге жеткенде алыстан жасыл желек арасынан ағараңдап көрініп қалып жатқан үйлерге сағынышпен қарады. Сол ақшаңқан үйлердің әнебір тұсындағысында әке-шешесі мен бауырлары барын ойлағанда көңілі босап, көзі шыланғандай болды. Бірақ бойын тез жиып алды.Шымкентке кіреберістегі Қатынкөпірден түсіп қалды. Осында Ташматбек деген әскерде бірге болған жігіт бар. Армияда Әмір оны талай таяқ жеуден қорғаған, оған араша түсемін деп «шалдардан» таяқ та жеген. Бірақ қайтпас қайсарлығы мен төбелескіштігінің арқасында ақыры оларды мойындатқан. Әмір деген аты мен қараторылығына қарап «Черный Эмир» деген лақап ат берген олар бұған тиіспейтін болған. Бұл болса жерлесін де жанынан қалдырмай қорғап жүрді. Ташмат болса бұған беріле қызмет жасады. Әскерден оралған соң да Әмірді кездескен сайын үйіне апарып, мырзасындай күтіп, қалағанының бәрін орындайтын.
Ташматты «Шаттық» мейрамханасының маңынан тапқан соң бұлар оңашалау барып шашлықпен сыра ішті. Әмір досының ағаларының бірі есірткімен айналысатынын білетін, соны сұрады.— Әмір-әкә, оны өзім-ақ тас қыламын, — деген одан мұны күтпеген Әмір таңырқай, тесірейе қарады. Шот маңдайлы биік қабақтың астынан қадалған өткір көзден тайсақтап, шыдамаған Ташмат:
— Сізге «ағайыншалап» арзан берем, — деп жалпақтай жөнелді.
Әмір оған қанша есірткі алатынын айтып, жолығатын жерді келісіп, қанша қиылып үйіне шақырғанымен «шаруам бар» деп кетіп қалды. Былай шыққан соң «ендігі жерде бұдан аулақ жүрмесем милицияның көзіне түсіп, қосақ арасында қоса кетіп қалуым мүмкін екен» деп ойлады.
«Балықшыны балықшы алыстан таниды» демекші бұл Жезқазғандағы есірткімен айналысатын бір топтың жігіттерін таниды. Солармен аздап байланысы бар, Кішігүлден түсірген ақшаға есірткі апарып соларға өткізіп қаржысын еселеп алмақ. Алғаш армияда дәмін татып көрген есірткіні бұл өзі де сирек те болса қолданатын. Жезқазғандық есірткішілермен сөйтіп жүріп танысқан, бірақ «есірткіні қашан тоқтатам десем тоқтата саламын ғой, айында-жылында сирек тұтынғаннан ештеңе етпес, қойып кетуге қашанда ерік-жігерім жеткілікті ғой» деп өзінің көңілін жұбатады. Бұл осылайша ойлана жүріп Шымкенттен Созақ арқылы Бетпақдаламен Жезқазғанға тура тартып кететін «камазшылармен» сөйлесуді жөн көрді. Түркістан арқылы кері қайту қауіпті, әйтпесе, ол жақтан Жезқазғанға жүретін автобус та, газель де жеткілікті. Есірткімен үлкен жолмен жүруге жүрексінген Әмір Жезқазған арқылы Орынборға көкөніс апаратын камазшылармен кететін болды.
Қызыл «КамАЗ» автомашинасы Созақ ауданының Арқаға қарай шығар тұсында асфальт біткен соң даланың жайдақ жолына түсіп Қарақойынды бетке алып, соңынан шаңын шұбалта жүйіткіп келеді. Кабинада екеу отыр. Рульдегі секпілбет сары Сансызбай, жолсерік — Әмір. Арт жақтағы қуыста Равшан есімді жігіт демалып жатыр. Шоферлардың әдетінше Сансызбай сөзшең екен, екі көзі жолда болғанымен аузы дамыл таппай әңгімені соғып келеді.
— Фельд деген фамилиямыз немісше демесең әке-шешем, аға-қарындасым, өзім де қазақ болып кеткенбіз. Өзімнің шын атым — Сансызбай, ағам – Төлеген, қарындасым – Қарлыға, қазақпен құдандал болып кеткен сарыағаштық неміспіз. Бір ай болды көкөніс тасып жүрміз. Тауар – Равшандыкі, машина менікі, бірлесіп тірлік қылып жүрген жайымыз бар. Орынбордан бір жергілікті қазақ тауып алғанбыз, сол тауарымызды ақшасын бірден төлеп көтере сатып алады да, ертесіне-ақ кері қайтып кетеміз. Барғың келсе Орынборға апарып қайтайын, Равшан Жезқазғанда қалады, бір тығыз шаруасы шығып тұр. Әскерде жүргенде жүк машинасын айдаған болсаң Бетпақтың даласында мені ауыстырып біраз жер машина жүргізсең жетеді. Бір өзім-ақ барып қайта аламын, бірақ ақша жүрген жерде жолсеріктің болғаны қауіпсіз, оның үстіне шаршағанда машинаны ауысып айдайтын адам болғаны тіпті жақсы ғой. Әжептәуір ақша төлеймін, жүр менімен Орынборды көріп қайтасың.
Әмір күні бойы Сансызбайды тыңдаумен келеді. Кейде ғана оның сұрағына қысқа жауап береді. Өзін Жезқазғанға шахтаға жұмысқа тұруға бара жатырмын, Арыс қаласында жалғыз шешеммен тұрамын, деп таныстырды да қойды. Ал әскерде машина айдағаны рас еді. Сансызбайдың ұсынысына ойланып қалды. Жезқазғанда әкеле жатқан тауарын өткізгеннен басқа шаруасы да жоқ, сондықтан Орынборға барып қайтса да болады.
Жезқазғанға жеткен соң Равшан «Менің шаруам болып тұр, сен Сансызбаймен Орынборға серік болып барып қайт, онбес мың төлейміз» деді. Бұл қалаға бір сағатқа барып қайту керектігін сосын жолға шығуға қарсы емесін айтты. Аналар келісті.
Көп ұзамай қызыл «КамАЗ» ұлытаулатып Орынборды бетке алып, зулап бара жатты. Ұшы-қиыры көрінбейтін сайын далада бірлі-жарым қарсы кездескен көлік пен алыстан көрінген қыстау мен шағын ауылдар болмаса, басқа ештеңе жоқ. Тіпті Орынборға дейін бұларды тоқтатып құжат тексеріп, жөн сұраған да ешкім болмады десе де болғандай. Бірлі-жарым кідірткендермен Сансызбай сөйлесіп, әпсәтте ары қарай тоқтаусыз кете барады. Орынборда да шаруаларын тез бітірді.
Қайтып келе жатқанда Арқалық пен Ұлытаудың арасында «Ковыльный» деген егін совхозының тұсына келгенде неге екені белгісіз Әмірдің басына бір зұлым ой келді. Жолсерігін ретін тауып өлтіріп, оның мол ақшасын алып бір жағына қарай тайып тұрғысы келді. Бірақ, аңқылдап әңгіме соғып келе жатқан Сансызбайдың бейкүнә жанарымен жанары кездескен сәтте жүрегі дауаламай, арам ойын орындаудан кібіртіктей берді. Жезқазғанға жеткен соң Сансызбай:
— Жұмыс таба алмасаң, түсті металмен айналыс, таныс жігіттер бар, қаласаң жолықтырам, — деді. Бұл оның ойын түсінгенімен жауап бермеді. Өзіне тиесілі ақшасын алды да «Жезқазғаннан ары-бері өтіп жүрсіңдер ғой, қажет болсаңдар өзім тауып аламын» деп қоштасып қалаға кірді.
Әзизаның қасындағы әйел осында екен, бұл оған өткенде қалдырған сөмкесін алдырды да, ештеңе айтпастан кетіп қалды. Жолдан шаршап келгеніне қарамастан есірткімен айналысатын жігіттерді тауып алып, тауарын өткізді. Керек болып қалар деп бірнеше дозасын өзінде қалдырды да, әлгі жігіттердің сайрандауға шақырғанына рахметін айтып, Жезқазғанның орталығындағы «Шаруа» базарына барды. Осында сауда жасап жүрген бірнеше жерлесі бар. Солардың арасында бес-алты жас үлкендеу болғанымен өзімен жақсы сыйласатын, кезінде бұл сияқты күрескен Ғали деген жерлесіне келді. Келіншегі мен жас баласы бар ол базар маңынан екі бөлмелі пәтер жалдап тұратын, бұл реті келгенде соның үйіне қонатын. Бүгін де Ғалидың үйіне қонып шықпақ болып, шайнамасымен бір шөлмек арағын алып соған келді. Ғали бұны қуана қарсы алып, ауылдың жаңалығын сұрап жатыр. Бұл күні кеше ғана келгендей сөйлеп, дорбасынан шөлмегін шығарды. Сауда жасайтын сөренің артқы жағын ыңғайлап жіберіп Ғалидың сөрелес көршісі үшеуі жартылықты жәукемдеп тастады. Ғали да бір шөлмек алдырды, Әмір тартына ішіп отыр, өзгелер қыза бастады.
Ғали әжетханаға кетіп еді, артынша сол жақтан шу шықты. Үш-төрт жігіт Ғалиды ортаға алыпты, бұл келе төбелеске кіріп кетті. Алғашқы екпінмен екеуін ұрып жығып үшіншісіне ұмтылды. Бетінің бір жағын қан жуып кеткен Ғали орнынан тұрып үлгерді. Ұзынтұра біреуімен төбелесе жүріп Әмір әлгінде өзі құлатқан біреуінің орнынан тұра бергенін байқап бас-көз демей екі-үш мәрте теуіп өтіп, қайтадан қылжитты. Ұзынтұра пышағын жалаңдатып ұрып құлатар жерге жақындатар емес. Сөйткенше сау ете қалған милиционерлер бұларды бассалып, қолдарын бұрап екі машинаға салып алды. Машина жүре бергенде бағана бұлармен бірге ішкен Ғалидың сөрелес көршісі мұның сөмкесін әкеліп берді. Бұл алғысы келмегенімен ойында ештеңе жоқ әлгі жігіт қоймай беріп кетті.
Милицияға келген соң арақ ішкендері, төбелескендері үшін хаттама толтырылып, есін әлі жия алмай отырған біреуін ауруханаға жөнелткен соң, қалғандарынан есірткі табылып, қамауға алынды. Бұның сөмкесінен де есірткі табылып, Ғали ғана босатылды. Төбелесіп бір адамды жарақаттап ауруханаға түсіргеніне қоса есірткі табылғаны бұған қиын болды. Ғали сырттан қанша әрекет еткенімен жолын таба алмай, ақыры ісі сотқа кетті.
Әмір Жезқазғандағы СИЗО-ға, уақытша қамау орнына түскен күні тағы төбелесіп қала жаздады. Бұны кіргізіп камера есігі жабылған соң өзінен ірілеу бір дәу бұған тисе сөйлеген.
Эй, «чернявый чурбан», кел мында! – деген отыздардағы сары жігіт. Бұл түрме, зона туралы әңгімелерді талай естіген, бірақ алдын ала тергеу изоляторында зонадағыдай тәртіп бар деп ойламаған. Бұл жерде түрлі қылмыс жасап түскен күдіктілер тергеуде жауап беріп, қайтсем жазамды жеңілдетем деп сотқа дейін болады. Сондықтан мұнда түрменің қылмыскерлер ойлап тапқан заңсымақтары бола бермейді. Әйтсе де, түрмеге талай түсіп жүрген тісқақандар, сары ауыз балапандай жаңадан, бірінші мәрте түскендерді әурелеп, қоқан-лоққы жасау да бар сияқты.
Өзіне қарай сөйлей таянған дәу сарының денесіндегі «суреттеріне» қарағанда түрмеден түрме қоймай түгендеп жүрген, талай мәрте сотталған біреу болар. Бұл өзіне қарай талтаңдап жақындаған одан қаймықпай қасқая қарап, иығын алға салып «келсең кел» дегендей төбелеске ыңғайлана бастады. Ортаға алпыстардағы істік мұрын шал түсті.
«Доғарыңдар, бауырластар», бұларың болмайды. Миша, бұл да енді бізбен тағдырлас, сондықтан төбелесу жарамайды, татулық керек. Әрқайсымыз да ертеңгі күніміз не болады, қанша жыл арқалап, қанша тостақ «баланда» ішеміз, деп басымыз қатып отырғанда мұның қажеті жоқ, доғарыңдар, — деп тоқтау айтып ортаға түсті. Дәу сары да Әмірдің қаймықпай айқаса кетерін байқаған соң ба, әлде шалдың сөзіне тоқтағаны ма «жарайды әзірге тірі жүре тұр» деп орнына қарай кетті. Бұл бос орынға жайғаса беріп еді, шал өзінің қасындағы орынға шақырды. Шалдың лақап аты «Сито» екен, бұған «кімсің, не үшін қамады?» деген аздаған сұрақтар қойып мән-жайды қысқаша сұраған соң, мазалаған жоқ.
«Сито» шалдың түрменің тәртібі, зонадағы қылмыскерлер жайлы, өзінің түрмедегі тіршіліктері жайында айтқандары кейін Әмірге үлкен пайдасын тигізді. Ол алғашқы алты ретінде адам өлтіру, тонау, зәбірлеу, ұрлау сияқты қылмыстары үшін сотталыпты. Жетінші рет міне, Жезқазғанға келіп, осында жасаған ұрлығы үшін сотталмақ. Бұл қалаға келгеніне жеті айға жетпей, өзі сияқты кәрі-құртаңның азын-аулақ жиғанын ұрлаймын деп жүріп ұсталыпты. Бұған тиіспек болған Миша деген дәу сары үш рет сотталған екен. Енді осында бөлесіне келіпті. Электрик бөлесі екеуі ішінде металл сымы бар кабель ұрлап жатқанда ұсталыпты. Ал мына бір жас баланың аты Александр, фамилиясы Сұлтанәлиев. Онсегізге жаңа толған метис жігіт те Қаражалдағы бозбалаларға арналған колонияда екі жыл отырып шыққанына екі ай өтпей жатып қайтадан темір тордың арғы жағынан шығыпты. Біріншісінде достарымен жеңіл автокөліктердің магнитофонын ұрлап жүріп ұсталып, сотталған екен. Енді міне, қасына өзі сияқты екі серігін қосып алып мектептен қайтқан балаларды қорқытып тиынын, киімін тонап жүрген жерінен қолға түсіп, сотын күтіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, камерадағылардың арасында бұрын түрме көрмеген Әмір ғана болып шықты. Дегенмен, өзін ұстауы мен сұстылығы, жұмбақтығы өзгелерді санасуға мәжбүр еткендей. Ешкім де бұған ештеңе демейді.
«Сито» шалдың шын есімі Валентин Герасимович, ол бірінші мәрте Ресейдің Ростов облысындағы туған қалашығында кешкі мектепте оқып жүріп топтала төбелесу барысында екі жақты ажыратып қуалай бастаған милиционерлердің біріне абайсызда пышақ салып алып сотталыпты. Төбелес кезінде қарсы жақтың бір жігіті кастетпен мұның дәл аузынан ұрып төрт тісін сындырып түсіріпті. Милиция келіп қалып, екі жақтың ондаған жігіттерінің арасына түсіп, ажыратып жатқанда әлгі өзінің аузын бұзғанды көре салып, пышағын сілтеп қалғанда олардың ортасына киліге берген милиционерге «кірш» етіп қадалады. Милиционер сол жарақаттан көп ұзамай қаза болып, бұл онекі жылға сотталады.
Бірақ, әлгі төрт тісімді сындырған Жораны жиырма бір жылдан соң кездестіріп тура төрт тісін сындырып қолына бергем, артық та кем де емес тұп-тура төрт тісін, дәл өзі сындырған менің тістерім сияқты тістерін сындырып бергем, деп «Сито» шал иығын қомдап, орнынан қоқилана қозғалақтап қойып, тісі сирек иегін көрсете қиқылдап рахаттана күліп алды. Бұл «жиырма жылдан соң Жораны қайдан, қалай кезіктірдің?» демей-ақ, шал әңгімесін қайта жалғады.
Кезекті рет түрмеден шыққан соң, бірге отырған танысыма еріп Қарағандының жанындағы Майқұдық деген жерге келдік. Оның сонда әйелі, пәтері бар. Екеуміз де сантехник болып жұмысқа тұрдық. Ол кездің милициясы айналайын еді ғой, маған жатақханадан орын әперіп, жұмысқа тұруыма көмектесті. Жұмыс дейтін алып бара жатқан жұмыс та жоқ, рас кейде жертөлеге түсіп сыз жерде су кешіп тұрып жұмыс істеуге тура келетіні бар. Ал тұрғындардың пәтерінде жұмыс жасау рахат еді. Үй иелері арағын, екі-үш сом ақшасын беріп алғысын айтып риза болып қалатын.
Бірде кезекті бір пәтерге келдім. Ойымда түк жоқ, асханаға өтіп су аққан құбырды көріп жатқам, ту сыртымнан аяқ дыбысы естілді. Бұрылдым да, аңырып қалдым, Жора. Тісім есіме сап ете қалды, қайдан еске түскенін құдай білсін. Әлгінде есік ашқан әйелі маған бір жарты әкелуге ме, әйтеуір сыртқа шығып кеткен. Несін айта берейін, «газовый» кілтпен бір соғып құлаттым да, үстіне мініп алып, тістеуікпен төрт тісін қинап отырып жұлып, жұлынбаған жерін сындырып бердім. Ақыры сол төрт тіс үшін төрт жыл арқалап төртінші рет сотталып кете бардым.
СИЗО-да көп болған жоқ, тергеушісі іскер болып кездесті ме, әлде барлық мәселесі анық болғандықтан ба, әйтеуір ісі сотқа тез-ақ жетті. Әмір осылайша алғаш рет сотталып, төрт жыл арқалап кетіп бара жатты. «Сито» шал айтқандай «баланданың» дәмі тартса адам қайта-қайта соттала беретін көрінеді. Бірақ, одан құдай сақтасын, Әмір бұл өмірге түрмеде отыру үшін емес, адамша рахат тұрмыс кешу үшін келді ғой. Сондықтан осы жолғы жазасын аман-есен өтеп шықса, қайтып түрмеге түспеуге тырысары анық. Бірақ, болашақты алдын ала болжау қиын, не болары кезінде белгілі болады ғой.
Терезелері қымталып, темірмен торланған арнаулы вагонда бір топ жазаға кесілген қылмыскер қатаң күзетпен келе жатыр. Вагон іші қапырық болғандықтан Әмір терезеге таянып, тордың арғы жағынан сайын далаға сығалай қарап тұр. Бір нүктеге қарап, ой тұңғиығына батқан жігіттің есіне өткені түсіп, ой елегінен кинолентадай тізбектеліп өтіп жатыр, өтіп жатыр…
Әке-шешесі қара жұмыскер – мақташылар. Өзінен үлкен бір әпкесінен басқа жеті іні-қарындасы бар. Өздері қырыққа енді жетсе де сонша баланы неге туа бергенін құдай білсін. Мұның бала кезінде әкесінің анасы – Құрбанкүл әже тірі еді. Сол кісі ес біліп қалған әпкесі мен Әмірге көп тәлім-тәрбие берді. Әсіресе, әпкесі әжесіне қатты еліктеп өсті, мұның жадында да әжесі айтқан ақыл-нақылдар көп жатталып қалды. Бұл алтыншы класта оқып жүргенде әжелері қайтыс болды. Шешесі жетінші баласын жаңа босанған, одан кейін төрт жылда тағы екі бала туды. Бірақ әжесіне сеніп кеткен бе, әлде колхоз жұмысынан қолдары босамай ма, әке-шешесі бала тәрбиесімен айналысу дегенді білмейтін, бұлар бір-бірін, үлкендеуі кішілерін бағып-қағып өздері жетілді.
Әмір жетінші класқа дейін сабақты да жақсы оқыды. Үй шаруасының қайсысын болсын тап-тұйнақтай етіп орындайтын, іні-қарындастарының жаялықтарын жуып, жеңіл-желпі тамақ та пісіретін. Қатар-құрбылары кейде мұны кекетіп «бала бағушы», «озат сауыншы» деп мазақтауын да естіп қалып жүрді.
Бір жолы мұның сиыр сауып отырғанын кластас екі қыз бен күрес секциясына қатысатын Ерман деген бала көріп қалған. Солардың мазағына, әсіресе, Ерманның қыздардың алдында қоқилана мұны әбден әжуалағанына намыстанған Әмір қандай күш әсер еткені белгісіз, анадай жерде мәз болып жыртыңдасып тұрғандарға жетіп барған. Бойы өзінен ұзын, денесі де ірілеу, әрі екі жылдан бері күреске қатысып жүрген Ерманнан бұрын сескеніп, қорқақтаңқырап жүретін. Бұл жолы жетіп келген бетте құлақ шекеден қонжитып, оны жерге жалп еткізді. Әмірден соншалықты батылдықты күтпеген ол қиқалаңдап орнынан көтерілгенімен бұған қарсы ұмтылмады. Қайта бұл оған төне түсіп «Енді бір мазақтағаныңды естісем тура өлтіріп тастаймын» деген қара көздері от шаша, қабақтары түйіле. Қыздар да жым болған. Әмірдің кісі шошырлық сұсты түрін бәрі де бірінші рет көріп тұрғандықтан зәрелері қалмай қорқып кетіп еді.
Екі-үш күннен кейін Арыс өзеніне екі інісін ертіп барып шомылып жүрген Әмір өзен жағалап өздеріне қарай келе жатқан үш-төрт баланы анадайдан байқаған. Оларды көре сала екі інісіне «Дереу үйге қарай зытыңдар, мен арттарыңнан жетемін, болыңдар, тез,тез!» деп жүгіртіп жіберіп, өзі көнетоздау шолақ шалбарын киген. Әлгілер мұны қоршай тоқтаған. Ерманнан басқалары бұдан бір-екі класс жоғары оқиды. Бастап келген Ерманның ағасы Берман бұған тиісе сөйлеп, інісіне қол жұмсағаны үшін «тұмсығыңды даладай қылып, суға тұншықтырайын ба, осы» деп кіжінген. Әмір өзінің қайтсе де таяқ жерін сезген, бірақ батылданып «Ақысы кетсе Ерман өзі бірге-бір шығып есесін қайтармай ма» дей бергенде Берман құлаштай періп жіберді. Басынан-ақ сақ тұрған Әмір бұлтың етіп бұғып қалды да өзі қарсы жұдырық сілтеді. Әмір қарсылық жасайды деп күтпеген Берманның бетіне «былш» еткен жұдырық мұрнын даладай етіп қанатып кетті. Басқалары бұған жан-жағынан жабыла кетіп ұрып, тебе бастады. Бұл шегіншектей жүріп төбелесуге әрекеттенгенімен, қаумалаған ересектеу балалар сабап тастады. Бұл тиген соққыдан ба, сүрініп пе, құлап түсті, сосын етпетінен жатқан қалпы екі қолымен басын қорғаштай берді… Аналар болса тепкілеуін қояр емес, тек ат тұяғының дүрсілімен қоса «Өй жетпіс жеті әкеңнің аузын… өлтіремісіңдер!» деген Шота ақсақалдың қатқыл үні шыққанда ғана тұра қашқан.
Жалаң аяқтарымен тепсе де денесі ауырып, басы мең-зең болып қалған Әмір жүрелей отырып, аузы-мұрнының қанын сүрте бастады. Шал ат үстінен түспей сөйлеген қалпы сәл кідірді де «шу, жануар» деп торы дөненін сипай қамшылап жөніне жүріп кетті. Бұл есін жия алмай әлі отыр. Кенет екі інісі жүгіріп келді. Сөйтсе, олар анадай жерде жиде талдардың арасынан бұқпантайлап бәрін көріп тұрыпты. Сонда кіші інісінің, ұмытпаса үшінші класта оқитын «Берманды кейін біз де жабылып ұрамыз, ия» дегені әлі есінде. Бұл да солай ойлаған. «Қайтсем де олардан ақымды аламын» деп күбірлей кіжінген.
Сол жолғы төбелестен кейін күрес секциясына қатыса бастады. Үш-төрт айдың ішінде өз салмағындағы бір-екі жылдан бері қатысып келе жатқан балаларды түгелдей жеңіп шығып, шопақ құрлы көрмейтін болған. Бірер жылдан кейін оқушылар арасындағы талай жарыстарда жүлде алды. Мектепті бітіретін көктемде аудандағы бір айтулы жарыста Әмір жасы бар, ересегі бар өз салмақ дәрежесіндегі балуандарды түгел жығып жеңімпаз атанды. Бас жүлде – үшаяқ мотоциклді сыйлыққа алған.
Мектеп бітірген соң жаттықтырушысының «сенен нағыз балуан шығады, тек жаттығудан қалма» дегенін тыңдамай жаттығуға баруды сиретіп, өзі сияқты селтеңбай жастармен көше тоздырып, текке жүрді.
Әмір жоғарғы кластарда оқып жүргенде-ақ өзінің қатыгезденіп бара жатқанын аңғарған. Бірақ, бозбалалар ортасында солай болмасаң тағы қиын, алдыңда тұрған ағаң да жоқ қорған болып, қамқорлық жасар. Сөйтіп жүргенде әскер қатарына шақырылды. Әскер қатарында да әлділер, намыстылар адам қатарында қалып, жасықтар мен қорқақтар талай кемсітулерге ұшырайды. Бірте-бірте мына қатыгез өмірде «ә» дегенге «мә» демесең, өзіңді қасқырша ұстамасаң өмір сүру қиын сияқты көрінді. Әлділер мен айлалылар қалауынша өмір сүріп, рахатқа батып, басқалар жәй тіршілік ететіндей еді бұл үшін…
Ойы бөлініп кетті. Ту сыртынан естілген дыбысқа жалт бұрылды да, шалт қимылмен соққыдан құтылып кетті, екіншісінің тепкен аяғынан жалтарып үлгере алмады. Артқа шегіне бере тиген тепкіден құлап түсті. Үстіне төне бергеннің қолынан біз сияқты ұзын бірдемені байқап қалып, соған жармасты. Сөйткенше апыр-топырға жетіп келген айдауылдар қолдарындағы резеңке шыбыртқымен бас-көз демей үшеуін де ұрып, жасқап, ажыратып жіберді. Бірақ, ерекше ештеңе бола қоймағандай әрқайсысын орнына қарай қақпақылдап таратты да қойды.
Мұны жазаламақ болып жүрген өткендегі Жезқазған базарында өзі соққыға жығып ауруханаға түсірген жігіттің жақтастары екенін артынан білді. «Сито» шал да «Сен ұрып ауруханаға түсірген жігіттің «зектер» арасында адамдары бар, абай бол» дегені рас болып шықты. Бірақ этаппен кетіп бара жатқанда жау келіп бас салар деп күтпеп еді. Әмір сақтанып, айдалып бара жатқандардың арасынан өзіне жақтас табуға әрекет етті. Сол түні көршісімен сөйлесіп сыр тартып көрді. Жаман жігіт емес сияқты. Бірақ тұйық, өзімен өзі отырады да қояды. Қайта бойы тапалдау шымыр денелі, бидай өңді жігіт мұнымен шүйіркелесіп, «Сақтанбасаң болмайды» деп жатыр.
Қазбек есімді бұл жігіт абайсызда адам өлтіріп сотталыпты. Мектепте жүргенде күреске қатысып, кейін ол да тастап кеткен екен. 1986 жылғы Желтоқсандағы қазақтардың Мәскеу билігіне қарсы көтерілісінен кейін әскер қатарына барған қазақ жігіттерін орыс «шалдар», тіпті офицерлерге дейін ата жауындай көріп, кемсітуге тырысқаны белгілі. Қазбек сол аласапыран жылдары армияға барыпты.
Әскери бөлімнің бір ротасындағы бес қазақтың ішіндегі намысқойы болған Қазбекті рухани сындыру үшін «шал» жауынгерлері бар, әпербақан офицерлері бар көресісін көзіне көрсетіпті. Талай мәрте «қараңғы бұрышқа» апарып тепкілеп, сәл сылтаумен «гауптвахтаға» тығып, «кезексіз наряд» беріп асханаға картоп тазалауға, ыдыс жууға салыпты. Қазбек бәріне шыдапты.
Жігіттің басына не келіп не кетпейді дейсің, мен бір жылдай ротадағы бүкіл орыстың ызасын келтіріп, діңкесін құртып қанша ортаға алып соқса да, жазаласа да бетім қайтпай, қасарысып жүре бердім. Сосын біртіндеп өздері де шаршады ма, жалықты ма, мені ақыры жайыма қалдырды. Бірақ, менің жынымды қоздырып, жаныма тигені әскерде жүргендегі көрген қорлықтарым мен азаптарым емес, бір жерлесімнің алғашқы күндерден-ақ бізден бойын аулақ салып «шалдарды» сағалап, соларға жарамсақтануы болды. Талай орыс сол жерлесімнің арқасында «қазы-қарта, шұжық» дегеннің дәмін біліп, арақтарына шайнама етті. Ол елден қазы-қарта, шұжық алдырып «шалдар» мен офицерлерге беріп жан бағатын.
Екеуміз жақын туыс болмағанымен, бір ауылда туып бірге өскен, бір класта оқыған рулас жамағайын едік. Мектептен соң Жәйремдегі құрылыста қара жұмысшы болып бірге жұмыс жасап, әскерге де бірге шақырылғанбыз. Міне, сол жігіт әскери қызметіміз басталысымен әскерге жаңадан келген сарыауыздар ретінде, әрі қазақ болғанымыз үшін құқай көріп қинала бастаған кезде ретін тауып «шалдарға» жағымпазданып, бізден бөлініп кетті. Басқаларымыз таяқ жеп, азап көрсек те тобымызды жазбадық. Екі жыл екі күндей өтіп елге оралдық.
Әлтай есімді әлгі сатқын жерлесім ештеңе болмағандай ортамызда жүре берді. Әскерде жүргенде «елге аман жетсек сатқындық жасағанын достарымыздың алдында бетіне басып, өзін бір итше тепкілеп, сабармын» деп кіжінуші едім. Ауылға келген соң өштігім басылып, «бейшара жүре берсінші» дегендей болғам. Бірақ, әскер туралы әңгіме бола қалса Әлтай бұрынғыдай үндемей отыруды қойып, біртіндеп әскерде бастан кешкен «нешетүрлі оқиғаларын» жыр ғып айтуды шығарды.
Әрине бір ротада қызмет еткендіктен мені де қосып қояды. Бір-екі рет ішкен кезінде оңашада жылап менен әскердегісі үшін кешірім сұраған-ды. Мен «өткен нәрсені қозғамай-ақ қоялық, жарайды» дегенмін.
Бір класта оқыған, қатар жүрген жігіттердің алды үйленіп той-томалақ жиі болады. Ондайда ішкен соң әртүрлі әңгіме, оның ішінде әскердегі қызықтар да айтылады. Мен араларында болсам Әлтай қанша ішсе де әскер жайлы әңгімеге араласа бермейтін. Кейінгі кезде мен басқалардан оның әскердегі түрлі «ерліктерін» естіп, өтірігіне жыным ұстайтын болды. Бірде оңашалап «енді ондай өтірігің туралы естісем, әскерде шын мәнінде қандай болғаныңды жігіттерге айтамын, өзіңді аямаймын», деп ескерттім. Ол тыңдамады, ақыры қызулау кезімізде бір күні сөзге келіп керісіп қалдық. Көптен ұруға ілік іздеп жүрген мен аямай өлтіре сабап жібердім.
Ертеңіне үш жігітті ертіп «Жигулимен» үйге келіпті. «Есік алдында сөйлесеміз» деп шақырғасын алаңсыз шыққам, сыртта үш досы қосылып төртеулеп жабылып кетті. Өздері қызыңқырап алған, жабылып біраз ұрып, тепкілеп алды. Мен бір құлап, бір тұрып жүріп ақыры үйге қашып кірдім. Артымнан ауыз бөлмеге қуа кіргендердің бірінде пышақ, бірінде шоқпардай таяқ. Мен ішкі бөлмедегі әкемнің мылтығын алдым да атып шықтым.
Атам! Әкеңнің аузын ұрайын, шығыңдар үйден! Кетіңдер! – деп айғай салдым. Әлтайым арақтың буымен батырланып алыпты:
Атып көр, қане! Қолыңнан келмейді, — деп шоқпарын ыңғайлап алға адым басты. Мен шүріппені басып қалдым.
Ол кеудесінен біреу жұдырықпен қойып жібергендей қайқаң етіп, артқа шегіне беріп, құлап түсті. Қасындағылары зәрелері ұша сыртқа қарай тұра қашты. Мен не істегенімді, не істерімді білмей есеңгірегендей тұрып қалыппын. Қолымда мылтық, екі көзім еденде шалқасынан түсіп кеуде тұсынан жылымшылап қан ағып жатқан Әлтайда. Есіктен көршілер ме, әйтеуір біреулер кіріп жатқан сияқты, көзім қарауытып жасаурап бара жатқандай болды.
Сол күні-ақ милиция келіп тұтқындап, Жезқазғанға алып кетті. Әке-шешем мен іні-қарындастарым аңырап қала берді. Алдын ала тергеу изоляторында бес айдай жаттым. Өзімді қорғап атқанымды ескерді ме, жеті жылға соттады, деп өзінің жайын баяндады.
Бұлар мінген пойыз Солтүстік Қазақстанда орналасқан қылмыстық жаза өтейтін түрмеге жақын теміржол бекетіне келіп тоқтады. Қолдарын желкесіне ұстаған сотталушылар кезекпен вагоннан жүгіре шығып, перронда айдауыл солдаттар қоршап тұрған алаңқайға жүрелей отырып жатыр. Бәрі түсіп болған соң екі арнаулы машинаға салып, көп ұзамай түрмеге де жеткізді.
Тікенек сым тартылған биік қоршаулы зонамыз осы екен. Ауыр темір қақпа ашылып бұлар ішке кірді. Қоршау ішінде бірнеше барақ, тағы бір ғимараттар орналасыпты. Бұларды қатарға тізіп қойып түгелдей бастады. Әр тұтқын өзінің аты-жөні мен сотталған статьясын дауыстап айтып, өңкиген, қызыл шырайлы офицер нұсқаған жаққа қарай өтіп, тізіліп сапқа тұрып жатыр. Түгелдеп болған соң жаңадан келгендерді барақтарға бөлді. Осылайша Әмірдің зонадағы өмірі басталды.
Бұлар арнаулы киім алып, төсек орындарын реттеп, барақтарына бой үйретіп болғанша ішке сотталғандар кіре бастады. Бұрыннан барақта тұратындар жаңадан келгендерге сүзе қарап өтіп жатыр, бұлар да жатырқай қарап қалуда. Бір кезде төр жаққа жаңадан келгендерді кезекпен шақыра бастады. Кезегі келіп Әмір де барды. Түрі кавказдыққа ма, тіпті қазаққа да аздап ұқсайтындай, айналасында бірнеше нөкері бар біреу жауап ала бастады. Негізінен сотталу себебіне байланысты сұрақтар қойды. Жауап беріп тұрған Әмір атын орысшаға ыңғайлап «Эмир» дегенде айналадағылар елеңдесіп қалды. Біреуі:
Немене, шынымен әмірмісің? Арабсың ба? Ха-ха-хи… – деп ыржалаңдап келе жатыр еді басшысы алая қарап тыйып тастады да, бұған «бара бергін» дегенді аңғартты. Бұл орнына қарай кетті. Іштей сыннан өткендей болып бара жатыр.
Әмір пилорамда ұзын дөңбек ағаштарды тақтай етіп тілушілер бригадасына бөлінді. Екі-үш күн өтпей жатып барақ бойынша «басшы» бұны өзіне тағы шақыртты. «Не болып қалды? Бірдеме бүлдірдім бе? Әлде түрме заңына қайшы бір нәрсе жасап қойдым ба?» деген сияқты күдіктер ойын онсаққа бөлді. «Сито» шал айтқандарды есіне алды. Мұжықтарша жүрген сияқты, ешкіммен көп сөйлесіп, ешқандай әңгімеге де араласа қойған жоқ. «Сонда неге шақырды екен?» Ол ой түбіне жете алмаған қалпы «барақ басшысы» Кубаның алдына келді. Кубаның дағыстандық құмық деген ұлттың жігіті екенін, бірнеше мәрте сотталғанын естіп-білген. Лақап аты «Куба». Оның бостандық аралы атанған Куба еліне қатысты ма, әлде басқа бір мағынада алынғаны туралы бұл біле алмады. Жұрттың да білетіні әйтеуір – Куба.
Оның жанында нөкерлерінен басқа екі жігіт тұр, көрші барақтың бірінен келген сияқты. Мәселе былай екен. Әмір Жезқазғанда базарда Ғалиды қорғап төбелескенде ұрып ауруханаға түсірген жігіттің зонадағы сыбайлас-достары екен әлгі екеуі. Ол Әмірдің осы зонаға түскенін біліп осындағы достарына бұны жазалауды өтініп, сәлем айтыпты. Содан бұлар мұны жазалау үшін келіп тұр екен. Кубаның талап етуі бойынша Әмір Жезқазған базарында болған төбелес туралы толық баяндап берді. Бірақ аналарға жеткен хабар басқа болды ма, олар мұны жазалаулары керектігін айтып тұрып алды. Куба қылмыс әлемінің заңына сай төрелік айтып мәселені бейбіт шешуіне де болар еді, бірақ, мына кең иықты, қараторы жігіттің қандай екенін көзімен көргісі келді ме, аналардың талабына келісті. Сөйтіп, келген екеудің жастау, денесі ірілеуі Әмірмен жекпе-жек төбелесетін болды.
Екі күннен кейін түрме басшылығы демалатын, тек кезекші офицерлер болатын күні өндірістік цехтың оңашалау жері таңдап алынды. Жас жігіттің әуселесін байқағысы келген Куба төбелестің басы-қасында өзі болатын болды. Әмір де түрмедегі өмірінің осындай талай құйтырқылары мен шырғалаңдары болатынына өзін іштей дайын ұстап жүргендіктен ширыға түсіп, төбелеске дайындалды. Осы төбелес түрмедегі болашағының көп жағдайын да белгілеп беретінін ол сезді.
Жекпе-жек екі барақтан келген бес-алты арестанттың бақылауымен басталды. Қарсыласы көп аңдыспай-ақ шабуылға шықты. Әмір оның екі-үш соққысын қаққанымен, кезекті бір соққысы шықшытынан «сақ» ете қалғанда мұның басы кейін қарай қақшаң етіп шалқақтап, құлай жаздап барып оңалды. Бұл қатты соққыдан жасудың орнына тістене түсіп алға ұмтылды. Көп өтпей бұның жұдырығы да қарсыласына тиді. Тигенде де сол жақ көзінің отын «жарқ» еткізді. Соққының пәрменділігінен нокдаун алғандай шалқақтап, тәлтіректеп қалды. Бұл осы сәтті пайдаланып есін жиғызбай төпеп тастамақ еді, анау оған келтірмей қапсыра құшақтап алып, ұруға мүмкіндік бермеді. Ұстасып қалғандары Әмірге оңтайлы болды, ол белдесе кетті. Анау қара күшке бар болғанымен әдісі болмаған соң бір қолымен, басымен бұған соққы жасауға әрекеттенді. Әмір күрес әдісіне салғысы келгенімен аюдай қорбаңдаған бәлекетті икемдей алмай біраз әуреленді. Кенет оң жамбасына қарай шығып қалғаны. Ондайды жібере қойсын ба, «әуп» деді де жамбасқа салып жерге «ыңқ» еткізіп алып ұрды. Есін жиғызбай үстіне қонжиған қалпы басы-көзін туралап соққының астына алды. Сөйткенше бүйірі «шым» ете қалғандай болды, бірақ астындағы да талықсып бара жатыр еді.
Бақылап тұрғандар бұны тұрғызып жіберді. Тұрып бара жатып бүйірін сипалап еді, қолына қан жұқты. Жерде талықсып жатқанның сол қолында үшкірленген ұзын шеге тәрізді сымтемірді бұл да, басқалар да көрді.
Куба медтіректе мұның жарасын ың-жыңсыз таңғыздырып беріп, бараққа келе жатқанда:
-Қара Әмір, жараң жеңіл, онша терең сұға алмапты, қауіпті емес. Есесіне ол жігіт келісімді бұзғаны үшін енді мұндағы күні күн болмайды, жігіттер күнделікті жазасын беріп отырады. Ал, сен, енді ештеңеге алаңдамауыңа болады, — деді.
Содан кейін-ақ, Кубаның жанынан орын тиіп, төрге жақындады. Куба атаған соң басқалар да бұны «Қара Әмір» атап кетті. Осылайша Әмір – Қара Әмір атанып зона бойынша болмаса да, өз барағындағы мығым жүретін жігіттердің біріне айналды. Куба көп мәселеге үнемі мұны қатыстырып, «Қара Әмір, сен қалай ойлайсың?» деп сұрап та қояды. Өйткені, бұл жігіттің тек жұдырықтасуға ғана мықты емес, әжептәуір милы екенін байқап еді.
Бірақ, бұл аз сөйлеуге тырысады, көбінесе үнсіз жүреді. Өйткені, зонадағы әр сөзің, әр қимылың мен ісің үшін жауап беруің қажет. Сөзіңді де өзіңді де дұрыс ұстамасаң, сөзің мен ісің сәйкес келмесе, көп ұзамай-ақ орның «парашаның» қасында болады. Куба мен оның айналасындағылар кейбір түрме қызметшілерімен әмпей-жәмпей тірлік істейді. Қою күрең шәйді «шифрлетем» десе де қолдарында. Барақтағы негізгі топ «жолаушылар» мен мұжықтар. «Жолаушы» дегендер негізінен абайсызда қылмыс жасап бірінші мәрте түскендер, өздерін қалыпты ұстай алса, көбінесе ешкім де ондайларға себепсіз әкіреңдеп, қиянат жасай қоймайды. Мұжықтар өздерін лайықты ұстай білетін, басқада жұмысы жоқ, өздерімен өздері жүретіндер. Куба мен нөкерлері де барақтағылардың ешқайсысына бекерден тиісіп, қорлап, басынбайды. Олар сотталушылар арасында қылмыс әлемінің «заңдылықтарын» сақтаушылар, оның бұзылмауын қадағалаушылар. Ал, түрмедегі ең төменгілер «парашаның» түбіндегілер. Олар өздерін дұрыс ұстай алмаған ынжықтар мен сужүрек қорқақтар, өзін өзі сыйламайтын бейшаралар. Басқалар ондайлармен қатар отырып ас ішпейді, қолын алып, бірге жүрмейді. Ең лас жұмыстарды да орындайтын сондайлар.
Кеңес үкіметі құлағанына бірнеше жыл ғана болып, тәуелсіздік алған республикалар есін жия алмай жатқан бір алмағайып, дүрбелең шақ болғандықтан, еркіндікте ғана емес түрмелердегі жағдай да қиын еді. Барақтарда жылу нашар, жөндеу жүргізілмеген, түрме лазаретінде дәрі-дәрмек түгілі дәке жетіспей жатады. Асханадағы тамақ тіпті жұтаң. Міне, осындай қиын кезеңде сотталғандардың арасында неше түрлі аурулар, әсіресе құрт ауру – түберкуллез белең алып кетті. Оның ашық түрімен ауыратындар да көпке дейін барақта тұра беретін, кейбірі лазаретке ауыстырған соң көп ұзамай өліп те жататын.
Әмірдің ең үлкен қорқынышы осы құрт ауруы болды. Антисанитарлық жағдай жайлаған барақтарда күркілдеп жүргендер аз емес. Бұл Кубаға айтып төр жақтағы өз орындарын басқалардан бөліңкіретіп алды. Тамақты да бөлек отырып ішеді. Кубаның арқасында алғашқы жылы-ақ бұл қара жұмыстан құтылған. Оның жанында үндемей жүріп көп нәрсені үйреніп, талай нәрсені көңіліне түйді. Түрмеде қара күштен гөрі көзін тауып, дәлелді, тұжырымдап айтқан сөздің беделі биік екенін байқады. Онда да жәй сөзге шешен болу аз, психолог болу қажет. Айналаңдағылардың, кез-келген адамның психологиялық жағдайын, мүмкіндігін тез әрі дәл байқай білу және әр сәтті ұтымды пайдаланып, айтарыңды дөп, әрі дұрыс айта білуің де керек.
Зонадағылардың көпшілігіне хат, сәлем-саухат алып тұруға мүмкіндік берілген. Әмірде де ондай рұқсат бар. Бірақ оған алғашқы хат түрмеге отырғанына бір жылдан асқанда ғана келді. Кіші інілерінің бірінің қолымен жазылған хатта әкесі «Сенің адресіңді Жезқазғанда жүрген Ғали арқылы таптық. Сол жақтың милициясы анықтап берді. Қайдан алсаң да рахмет, қатты қысылып, балалар киімсіз мектепке де бара алмай қиналып қалып едік, сен беріп жіберген қаржы әжептәуір демеу болды. Шешең, бауырларың тегіс аман. Темір әскерін бітіріп оралды. Төре әскерде жүр, Семей жағында. Сәлем-саухат қажет десең жазып жібер, саламыз. Кел десең барып қайтамыз. Ал енді не дейін, бұзық болма».
Міне, әкесінің хатпен айтқандары осы. Баяғыда мұның оны сабап, «Урал» мотоциклін сатып, елден қашып кеткені жөнінде «ләм-мим» демегені кешіргені болар. Әлде түрмеде жүдеп жүргенде еңсесін түсірмейін дегендегісі шығар.
Бұл туған үйін, бауырларын есіне алды. Мақташы болып жұмыс істейтін әке-шешесінің табатыны мардымсыз. Үйдің үлкені — әпкесі бұл армияда жүргенде тұрмысқа шығып кеткен. Ұлдың үлкені бұл, бұның жағдайы мынау, түрмеде жатыр. Тетелес інісі Темір армиядан оралыпты, енді үйдің ересегі сол. Бірақ, оның оқу оқып, жақсы қызмет иеленер қабілеті жоқ. Әйтеуір, үйленіп бөлек шыққанша қандай жұмыс істесе де үйге көмегі тисе болғаны. Қайта одан кейінгі інісі Төреден бірдеңе шығуы мүмкін. Ол бұл барда мектепте үздік оқитын, үй шаруасына епсекті, қай істі болсын мұқият, тап-тұйнақтай етіп тындырады. Өзінің сөзі татымды, ойы алғыр болатын. Ол әскерге кетіпті. Сосынғылары әлі мектепте шығар. Ең кенжесі Нұрсұлтанның өзі осы Қазақстанның президенті алғаш мемлекет басшысы болып сайланған жылы туылған болатын. «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» демекші кенжелерінің атын әке-шешесі Нұрсұлтан деп атаған. Бірақ, кім білсін, болашақта оның кім болып, қайдан шығарын, әйтеуір, далбаса үміт те мұның әкесінікі. Елден хат-хабар келгенде осылай туған ауылын, бауырларын ойлайтыны бар мұның…
Жалғасы бар