Қазақстан қазіргі таңда туризм саласы бойынша бәсекеге қабілеттілігі жағынан 136 мемлекеттің ішінде алғашқы ондықта тұр. Осы саладағы көрсеткіші туралы мақалада еліміздің 2017 жылдың қаңтар және шілде айларында сырттан келетін турист саны 3,6 млн адамға жеткенін жазған болатынбыз.
Бұл үлкен көрсеткіш Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің сәтті өтуімен де тығыз байланысты болса керек. Осыдан екі жыл бұрын еліміздегі туризм саласы бойынша елге келетін туристердің келуі күрт азайып кеткен болса, соңғы жылдағы көрсеткіш жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Салыстырмалы түрде қараған кезде өткен жылдармен есептесек, келушілердің саны 20,5 пайызға өскен немесе бұл 605,9 мың адам дегенді білдіреді. Алайда, мұндай жоғары көрсеткішке қол жеткізу оңайлықпен келмегені анық. Әлемдегі әрбір дүниенің дамуы бірден орын алмай, белгілі бір заңдылыққа бағынатыны секілді, Қазақстанның туризм өндірісі де даму сатысынан өтті. Оның дамуында айтарлықтай елеулі жылдар болды. Соларға тоқталып өтейік. 1920-30 жылдар. Қазақстандағы алғашқы туристік ұйымдар пайда болған уақыт. 1929 жыл. Алматы қаласында тұңғыш туристік жорық ұйымдастырылды. 1930 жыл. Алматы өлкетану мұражайы жанында пролетарлық туризм және экскурсия қоғамының өлкелік бөлімшесі жұмыс істей бастады. 1950-60 жылдар. Алматы жоғары оқу орындарында тау туризмі, альпинизм, спорттық туризм дами бастады. Мұның нәтижесінде туристік нұсқаушылар тобы қалыптасты. Осы жылдары С.Күдерин, Ү.Үсенов, Н.Дубицкий, В.Г. Хомулло сынды мамандар оқушылар мен студенттер арасында туризмді дамытуда үлкен үлес қосты. 1958 жыл. Қазақстан туризмінің негізін қалаушылардың бірі Виктор Зиминге тұңғыш рет туризм бойынша КСРО-ның спорт шебері атағы берілді. 1970 жыл. Туризм және саяхатшылықтың республикалық кеңесі құрылды. 1971-75 жылдар. Қазақстанда туризмнің материалдық базасы нығайып, саяхаттық-туристік ұйымдар көбейді, жаңа туристік базалар мен мейманханалар, қонақүйлер пайдалануға берілді. 1978 жыл. Қазақстанда экскурсия мен туризмнің республикалық кеңесі және 14 облыстық кеңес, 17 туристік база мен қонақүй, 26 саяхат пен экскурсия бюролары және шет ел туристеріне қызмет көрсететін 3 бюро, Алматы, Орал, Шымкент қалаларында туристік автомобиль базалары құрылды. Туристік базалар мен мейманханалардағы орын саны 7 мыңға жетті. 1988 жыл. Туристік экскурсия қауымдастықтары құрылды. 1991 жыл. Тәуелсіздік алған Қазақстанда жылдан туризм саласы дамудың жаңа сатысына көшті. 1993 жыл. Қазақстан Дүниежүзілік туризм ұйымына мүше болды. Осы жылы туризм индустриясын дамытуға арналған ұлттық бағдарлама қабылданды. 1997 жыл. Қазақстан Республикасының Ұлы Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өрлету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұралар сабақтастығын дамыту тұжырымдамасы, жалпы туризм дамуының стратегиясы жасалды. 2001 жылы. 13 маусым. «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» заң қабылданды. Онда республикадағы туристік саланы дамытудың бірінші кезектегі шаралары, туристік қызметті лицензиялаумен тағы да басқа мәселелер тұжырымдалды. 2002 жылдан бері қарай. Қазақстанда 430 туристік ұйым, фирмалар мен әр түрлі бюролар жұмыс істеуге кірісті. Оларда 6 мың адам, оның ішінде 1500 кәсіптік экскурсия жүргізушілер қызметке орналасты. Қазақстанның туристік фирмалары дүние жүзінің 80-ге жуық елімен қарым-қатынас жасай бастады. Алматы қаласының 25 фирмасы және 5 облыс орталығы Үндістанға, Түркияға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Пәкістанға, Корея Республикасына, Грекияға, Польшаға және басқа да елдерге чартерлік әуе рейстерін жолға қойды. Бұл көрсеткіштен әр жыл сайын бұрынғыдан әлдеқайда артып келеді. Туризм саласы мемлекеттік деңгейде жаңа мақсаттар қойып, оларды бағындыруда. Туризм саласы бойынша бәсекеге қабілетті елдердің алғашқы ондығында болсақ та, бұл шыңдардың ең биігі емес екені анық. Сол себепті, аталған саланың дамуына әлі күнге дейін үлкен көлемдегі қаржы құйылып, мамандар біліктілігін арттыру жолында айтарлықтай жұмыстар жасалуда. Біздің елімізде кейінгі жылдары туризм қалың бұқараны қамтитын демалыстың бір түріне айналып келеді. Нарықтық қатынасқа көшкен кезде туризм бизнестің тамаша көзіне айналып отыр. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бәрінде туризм жақсы дамыған. Ендеше, Қазақстан туризмі еліміздің алдыңғы қатарды елдермен йық тіресе алатындай деңгейге жету жолындағы негізгі бағыттардың бірі болып қала бермек.
Дереккөз: massaget.kz