Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бірқатар мәдениет және өнер қызметкерлерімен кездесіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Облыс әкімі алдымен өңірдегі мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып, ардагерлер мен өнер майталмандарының еселі еңбегін атап өтті.
– Мемлекет басшысы мәдениет саласын әрдайым басты назарда ұстап, барынша қолдау көрсетіп келеді.
Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болатыны сөзсіз.
Аймақта мәдениет саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Бүгінде 17 мәдениет нысанының құрылысы жүруде. Оның 8-і биыл, қалған тоғызы келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ағымдағы жылы бірқатар мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жұмыстар мәдениетті дамытуға, саланың материалдық-техниалық базасын жаңартығу оң септігін тигізері анық.
Сіздерді айтулы күнмен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, шығармашылық шабыт пен отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, – деген облыс әкімі мәдениет қызметкерлерінің алдында жауапты міндеттер тұрғанын баса айтты.
Сонымен бірге ол халықаралық жарыстар мен фестивальдерде топ жарып, облыс намысын асқақтатқан өнер иелерінің жетістіктеріне ерекше тоқталды.
Басқосу барысында А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Асқарбек Сейілхан, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әртісі Асылхан Шүңіреков орамды ойларын ортаға салып, мәдениет қызметкерлері атынан ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар сала ардагерлері мен өнер майталмандары мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, қаржылай сертификаттарға ие болды.