Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара академиясының бастамасымен 27 қыркүйек күні Алматы қалалық шекара академиясының республикалық шекара шегін айналып өту эстафетасы жол тартты. Эстафета кең байтақ еліміздің шекара шегін аралап, тарихы терең Тараз өлкесінің қасиетті Жуалы ауданына атбасын тіреді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Осы орайда, Ақтөбе ауылдық округіндегі Ақтөбе ауылдық клубында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара академиясының құрылғанына 90 жыл толуына орай Республикалық эстафетаға қатысушылармен жас сарбаздардың кездесу кеші өтті.Кездесу кеші алдымен эстафетаны салтанатты түрде табыстаумен бастау алды. Түркістан облысы шекара бөлімінің өкілдері мен қабылдап алу рәсімін жүргізуге Жамбыл облысы шекара бөлімінің өкілдері сахнаға шығып, эстафета символы саналатын кітапты салтанатты түрде табыстады.
Кеш барысында ҚР ҰҚК шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басқарма бастығының орынбасары, полковник Қанатбек Тыныбеков, Жуалының асыл перзенті, жерлесіміз, подполковник Сейітжан Дауытов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Нарымбеков сөз сөйлеп, шекарашы сарбаздарға жылы лебізін жеткізді.
Әрі қарай кездесу кеші аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.