Мойынқұм ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай көпбалалы аналарды және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін бірқатар азаматтарды марапаттады , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Алдымен аудан әкімі жиналғандарды Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы өзгерістері туралы айтып өтті.
Содан соң «Күміс алқа» марапатымен алты бала туған және тәрбиелеп өсіріп отырған аналар Әсем Жаңабаева,Рызванкүл Имирова, Бибімәриям Өтебаеваларға алқаларын табыс етіп, аудан әкімдігі атынан сыйлықтар берді.
Сондай-ақ үздік қызметкерлер 2021 жылғы 2 желтоқсандағы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен наградталды.Сонымен қатар облыстың әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін аудандық мәдениет үйінің «Мойынқұм» халық театрының режиссері Ерлан Айтқабыл Жамбыл облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталса, ал Жамбыл облысы әкімінің «Алғыс хаты» бірқатар сала мамандарына табыс етілді.
Әр саланың үздігін марапаттау, оларға құрмет көрсету жас мамандарға үлгі, мотивация болары хақ. Аудан әкімінің ұсынуымен әр саланың мамандары аудан әкімінің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хатымен» марапатталды.
Жиын соңында аудандық мәдениет үйінің «Мойынқұм триосы» әннен шашу шашты.