Эпидемиологиялық ахуал күрделеніп барады

0 1

Осы жылдың қаңтар айынан бастап еліміз бойынша індет өршіп,  коронавирус инфекциясының тіркелу деңгейі күрт көтеріліп, эпидемиологиялық ахуал күрделене түсуде. Облыс көлемінде, оның ішінде ауданымызда да коронавирус инфекциясымен ауырған науқастар саны күннен-күнге артып келеді. Осы мақсатта аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Рыстанбаева Тұрсынкүл Әбдіқадырқызымен сұхбаттасқан едік.

  • Тұрсынкүл Әбдіқадырқызы, аудандағы эпидемиологиялық ахуал қалай боп жатыр?
  • Бүгінгі күні елімізде коронавирус инфекциясының күрт өсуіне байланысты эпидемиологиялық ахуал нашарлап, облысымыз қызыл аймаққа кіріп отыр. Ал ауданымызда аурушаңдық көрсеткіштер бойынша сары аймақтамыз. Бүгінгі күнге дейін аудан тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының зертханалық жолмен расталған 8 жағдайы тіркелді. 4 науқас аудандық орталық ауруханада ем қабылдаса, оның 2-і симптомсыз, 2-і амбуллаториялық ем қабылдауда. Тағы екі науқас пневмониямен ем қабылдап жатыр. Короновирусты емдеу бөлімінде 6 науқас, атап айтқанда 1 — жүкті әйел, 1 — 5 айлық нәресте, қалғандары ересек адамдар.
  • Коронавирус инфекциясын алдын алу ісі бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде? Ревакцинация қаншалықты қажет деп ойлайсыз?
  • Негізінен аудан көлемінде короновирустың алдын алу іс-шаралары ауқымды жүргізілуде. Індетті еңсерудің негізгі жолы екпе алу. 1-2 компонентін алған азаматтарға 6 айдан кейін  ревакцинация жұмыстары жүргізіліп отыр. Ревакцинацияны бүгінгі таңда QazVac, қытай вакцинасы Sinopharm және Pfizer вакцинасымен жүргізудеміз. Pfizer вакцинасы  медициналық қызметкерлерге 60 жастан асқан кісілерге салынып отыр. Бүгінгі таңда аудан көлемінде ревакцинация алуға 5063 азамат жоспарланса, бүгінгі күні 2519 адам салдырған. Бұл дегеніміз тұрғындардың 50% әлі ревакцинациядан өткен жоқ дегенді білдіреді. Індеттің өршуіне байланысты ағзамыздағы антиденелерді күшейту үшін ревакцнациядан міндетті түрде өтуіміз керек.
  • Pfizer вакцинасы 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдермен жүкті әйелдерге салынады. Бұл бағытта келеңсіздіктер орын алып жатқан жоқ па?
  • Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында аурушаңдықтың кбеюіне байланысты 12-17 жас аралығында, 12 апта мен 37 апта аралығындағы жүкті әйелдерге және 1,5 жасқа дейінгі бала емізетін аналарға Pfizer вакцинасы салынуда. Ешқандай теріс нәтижелер орын алған жоқ. Pfizer вакцинасы ауданға толық көлемде жеткізілген. Аудан бойынша 2665 жасөспірім алу керек болса, бүгінгі күні 714 оқушы екпе алды. Жүкті әйелдерден 179 әйел азаматшадан 67 әйел ғана екпе салдыртты. Ал 401 бала емізетін аналардың 114-і екпе қабылдады. Ешқандай кері әсерлер байқалмады. Сондықтан аудандағы ата-аналарға балаларының болашағы, өз денсаулықтары үшін Pfizer вакцинасын салдыруға шақырамын. Сондай-ақ ауданда  балалардың ана жатырында туа біткен коронавирустық пневмониямен туылып жатқан балалар да кездесуде. Ондай бір жағдай ауданда тіркеліп отыр.
  • Коронавирустың алдын алу ісі бойынша тұрғындарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
  • Аудан тұрғындары індеттің эпидемиологиялық ахуалы тұрақтанғанша бетперде киюге міндетті. Оны 2-3 сағат сайын ауыстырып, қолды антибактериальды сұйықтықтармен жуып немесе тері антисептиктерімен тазалап отыру керек. Мүмкіндігінше адам көп жиналатын жерлерге бармау, барған жағдайда және көшеден қайтқаннан кейін мұрын мен ауыз қуысын (мұрын-жұтқыншақ) әлсіз сода ерітіндісімен шаю, ауырып жүрген адамдарға және олардың заттарына жақындамау, қоғамдық орындарда жөтеліп немесе түшкіріп жатқан адамдармен қарымқатынас жасамау, мүмкін болмаған жағдайда кемінде бір метр қашықтықта дистанцияны сақтау, кез келген қоғамдық орыннан келгеннен кейін және тамақ әзірлеудің, тамақтанудың алдында қолды сабынмен мұқият жуу немесе құрамында спирті бар салфеткалармен сүрту аса маңызды. Коронавирустық инфекцияның қауіптілігін ескере отырып, әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Індеттің алдын алу үшін әр адам жоғарыда аталған қарапайым ережелерді қатаң сақтауы керек.
  • Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш КӨБЕНҒАРАЕВ,

     «Мойынқұм таңы».

Leave A Reply

Your email address will not be published.