Ағымдағы жылдың 9 шілдесінде сағат 14.14-те Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының «101» телефонына Тараз қаласы, Театральный көшесіндегі 6 пәтерлі тұрғынүйдің өртке оранғандығы жөнінде хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Тараз қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінен 12 бірлік өрт сөндіру техникасы мен 46 адам жеке құрам шығып, шұғыл жүргізілген барлау жұмыстарынан соң құрылысы ағаштан тұрғызылған барак тұрғынүй шатырының өртке оранғандығын анықтаған. Жедел қимылдаған от жауынгерлері қызыл жалынның одан әрі көрші орналасқан тұрғынүйлерге таралу қаупінің алдын алып, өртті 35 минутта толық жойды. Кәсіби тұрғыдан жоғары деңгейде жүргізілген өрт сөндіру жұмыстарына куә болған үй иелері өрт сөндірушілерге шынайы алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ демалыс күндері облыстың өрт сөндірушілері мен құтқарушылары мұнан өзге түрлі сипаттағы өрт оқиғаларына – 6 рет, қураған шөп пен қоқыстың жану оқиғасына – 17 рет, тұрғындардың құлыптанып қалған үйлерінің есіктерін ашып беру жұмыстарына – 3 рет, апаттық-құтқару жұмыстарына – 1 рет шыққан.
Жоғарыда аталған өрт оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайлардан зардап шеккендер мен қаза болғандар тіркелмеген. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен материалдық шығыны анықталуда. Осыған орай Жамбыл облысы ТЖ департаменті облыс және қала тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Үйден шығарда газ және электр құралдарын қуат көзінен ажыратып, балалардың отпен ойнауына жол бермеді ескертеді. Сондай-ақ жазғы шомылу маусымында арнайы белгіленюеген жерлерде суға шомылудың соңы өкінішті жағдайларға алып келуі мүмкін екендігін еске салады. Ал өрт немесе төтенше жағдай туындаса «101» және «112» нөмірлеріне қоңырау шалудың тегін екендігін ескертеді.