Шу ауданына облыстық ардагерлер кеңесінің комиссия төрағалары барды

0 34
Шу ауданына облыс орталығынан құрметті меймандар арнайы ат басын бұрды. Облыстық ардагерлер кеңесінің комиссия төрағалары мен аналар алқасының жетекшілерін әуелі аудан әкімі Сәкен Арубаев қабылдап, руханият, жастар тәрбиесі, қоғамдағы аналар мәртебесі туралы аға буынмен әңгіме өрбітті. Бір сағатқа созылған жүздесуде көптеген өзекті мәселелер сөз болып, арадагерлердің ақыл-кеңестері тыңдалды. Арнайы уақытын қиып, құрмет көрсеткен Сәкен Қаланұлына қадірлі қонақтар алғыс білдіріп, ақ батасын берді.
Мұнан кейін делегация «Amanat» партиясының Шу аудандық филиалының мәжіліс залына қарай бағыт алды. Өйткені мұнда Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы «Аналар алқасы» комиссиясының көшпелі аймақтық семинар-кеңесі жоспарланған болатын. Межелеген уақытта аталған ұйымның ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жөніндегі комиссияның төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев бастаған топ шулық ардагерлер мен аналар алқасының мүшелерімен, этно-мәдени орталық басшыларымен сонымен қатар бірқатар бөлім мен мекемелердің өкілдерімен дидарласты. Одан бөлек семинар-кеңеске Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандары мен Шу қаласынан өкілдер де қатысты.
Басқосу барысында Сәрсенбай Мыңбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Доктурхан Байбатшаев сөз алып, семинар-кеңестің мақсатымен бөлісті. Сондай-ақ баяндамашыларға кезегімен сөз беріп, пайымды пікірлер тыңдалды.
Бірінші болып Шу аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының төрайымы Айжан Иманова «Қоғамдағы аналардың мәртебесі» атты баяндама жасап, атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Сонымен бірге жұмыс барысындағы тәжірибелерімен бөлісіп, әйел-ана тақырыбы өте нәзік болғанымен аса маңызды екендігіне тоқталды. Жиылғандарды бірлесе әрекет етуге шақырды.
Сол секілді облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының» Шу ауданындағы кеңес беру кабинетінің маманы Индира Тілеубаева жүрек сыздататын деректерді келтіріп, жүзеге асырылған жұмыстардың жайын мәлім етті. Оның «Тұрмыстық зорлық-зомбылық-қоғамның өзекті әлеуметтік мәселесі» атты баяндамасында айтылғандай бүгінге дейін 600-ден аса өтінішті қараған аталмыш кабинет мамандары Мойынқұм, Шу ауданы мен Шу қаласы үшін бір орталық ашу туралы ұсыныс білдірді. Индира Татиябекқызының баяндамасына баса мән берген қонақтар оған өздерін мазалған сұрақтарын қойып, ұсынысы өте орынды екенін айтты.
Семинар-кеңестің соңында ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Садуллақызы «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» жобасы туралы баяндап, аталмыш жобаның еліміздің болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.
Ауқымды мәселені қарастыру үшін уақыт аздық ететіні белгілі. Жиынға қатысушылар баяндамашыларға сұрақ қойып, өздерінің ойларын ортаға салып, мәселенің шешілу жолдарын қарастырды.
Шараның мәресінде облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жөніндегі комиссияның төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдап, тілектеріне құлақ түрді. Тиісті кеңестерін беріп, сұрақтарын назарға алды.
Leave A Reply

Your email address will not be published.