Шу ауданының қариялары Түркістанды аралады

0 12

Шу ауданының Балуан Шолақ, Бәйдібек, Бөлтірік ауылының бір топ ақ жаулықты аналары мен қадірлі қариялары тотыдай түрленген Түркістан қаласына барды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Ал сапарға ауданның меценаты әрі мәслихат депутаты Сағадат Мадалиев демеушілік жасап, жол шығынын көтеріп отыр.

Өткен аптаның соңында ұйымдастырылған саяхатты Дулат ауылдық округінің әкімі Найман Сұлтанбаев бастап, қарт кісілерге қызмет көрсетіп жүрді. Сапардың бірінші күні шулық зейнеткерлердің шағын тобы Түркістан облысы Отырар ауданындағы «Арыстан баб» кесенесіне зиярат жасады. Онда олар кесененің тарихымен танысып, Арыстан баб рухына Құран бағыштап, дұға жасады.

Келесі күні шулықтар мінген шағын автобус Түркістан қаласына жетті. Облыс орталығына айналғалы бұл қала адам танымастай өзгерген екен. Көз тартарлық нысандар бой көтеріп, түрлі бағыттағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түркі әлеміне ортақ рухани тұлға саналатын Қожа Ахмет Ясауи дамыл тапқан кесенені аралап, деректермен танысқан ардагерлер түстен кейін «Керуен Сарай» кешенін тамашалап, көрікті жерлерін аралап көрді.

Айта кетейік, екі күнге ұласқан  сапар үшін ардагерлер демеушілік танытқан Сағадат Нұрмаханбетұлына, ұйымдастырушы Найман Кенжеханұлына алғыстарын білдірді. Егде жастарына қарамастан шаршамай Түркістанды шарлаған шулықтар бұл сапардан ерекше сезіммен ауданға оралды десек артық айтпаған боламыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.