Аймақта облыстық діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңес пен діни бірлестіктер клубы өз жұмысын жалғастыруда. Бұл өңірдегі дінаралық келісім мен сенім өкілдерінің ынтымақтастықта жұмыс істеуіне ықпал етуде, — деп жазады «ZhambylNews» АА.
Аймақта бүгінде 11 конфессиядан тұратын мемлекеттік тіркеуден өткен 378 діни бірлестіктер мен филиалдармен басқарма арасында мемлекеттік-конфессияаралық келісімді нығайту бағытында тығыз қарым-қатынастар орнатылған.
Басқарма жанында облыстық діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңес пен діни бірлестіктер Клубының қызметі аясында діни бірлестіктердің басшылары мен өкілдерінің қатысуымен тоқсанына 1 рет отырыстар мен кездесулер өткізіліп, түйткілді мәселелер талқыланады. Сондай кезекті басқосудың бірі бүгін ұйымдастырылып, өзекті мәселелер талқыланды.
Клуб жұмысының мақсаты – түрлі сенімдер мен діндерді ұстанушылар арасында конфессияаралық және дінаралық диалог пен келісімді сақтау және нығайту; өзара түсінісушілікті, сыйластық пен серіктестікті дамыту, өзара келісімді нығайтуда ой бөлісу болып табылады.
Клуб отырысы аясында «Алғыс айту күні», «Наурыз мерекесі», «Конституция күні», «Рухани келісім күні», «Тәуелсіздік күні» сияқты атаулы даталарға орай діни бірлестік басшыларының қатысуымен «TedXtalks» (ТедИксТолкс), «дөңгелек үстел» форматтарында мәдени, спорттық және т.б. іс-шаралар мен тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырылып келеді.
-Клуб аясынан тыс та христиандық бағыттағы шіркеулерге барып, басшылары мен келушілерімен кездесулер өткізіп тұрамыз. Христиандық шіркеулердің қызметі тұрақты бақылауға алынған,-дейді басқарма басшысы.