«Ана үйі» қоғамдық қорының құрылғанына – 10 жыл толды

0 101

Тараз қаласындағы «Ана үйі» қоғамдық қорының құрылғанына биыл – 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында 6 156 бала өз отбасына қайтарылған,- деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Қоғамдық қордың мақсаты түрлі жағдайлардың әсерінен жетім қалған балаларға қамқорлық көрсету, тұрмыстың тауқыметін тартқан отбасыларды қолдау болып табылады. Әсіресе баласынан бас тартпақ болған аналарға психологиялық көмек көрсетуде орталықтың жетістіктері аз емес. Қазірдің өзінде 322 сәби аналарының аялы алақынының жылуын сезінуде.

Орталықтың қатысуымен бүгінге дейін республика бойынша 6156 бала өз отбасына қайтарылса, оның 322-сі біздің облыстан. Қазіргі уақытта еліміздің 18 облысында 23 аналар үйі бар. Жоба жетекшісінің айтуынша 10 жылда орталықтың дамуына ат салысып, қорға қаржылай демеушілік көрсеткен кәсіпкерлердің қатары артқан.
-Он жыл деген аз уақыт емес. Осы аралықта 600 ден астам әйел қор арқылы әлеуметтік көмекке қол жеткізді. Біз жас ана мен оның отбасының, ата анасының арасында, бала мен оның биологиялық әкесінің арасында қарым қатынас орнатып, медиатор ролін атқарамыз-дейді «Ана үйі» қоғамдық қорының жетекшісі Сәния Ариенова

Балаларды отбасына орналастыру үшін ұлттық бала асырап алу агенттігі жұмыс жасайды. Жоба аясында 15 мың азаматқа кеңес беріліп, 1200 баланы жанашыр жандар асырап алды. 1800 отбасы сәбилер үйінен өз балаларын қайтарып алды.
-Көбіне бұл орталыққа жүкті әйелдер, тағдырдың тауқыметін тартқан жас аналар келеді. Мен де солардың біреуімін. Осы қордың қолдауының арқасында баламмен бірге бақытты алаңсыз өмір сүріп жатырмын,-дейді Армангүл.

Leave A Reply

Your email address will not be published.