Өңірге «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек арнайы жұмыс сапарымен келді

0 6

Бүгін өңірге «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек арнайы жұмыс сапарымен келді.

Аймаққа атбасын бұрған Дәулет Жамаубайұлы алдымен ел ертеңі, тәуелсіздік тірегі саналатын жастармен кездесті. Еркін форматта өткен жарқын жүздесуде жастарды толғандыратын өзекті сұрақтар жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, жастар мәселелерін шешуге бағытталған «AMANAT» партиясының жобалары, жас кәсіпкерлерді бүгінгі жағдайы айтылды. Бастысы, «AMANAT» партиясының алдағы жастармен жүргізілетін жұмыс барысы таныстырылды. Бұдан өзге, облысымыздағы жастар саясатындағы әртүрлі проблемалық мәселелер қозғалып, ұсыныстар назарға алынды.

Келесі кезекте партия Хатшысы Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылына барды. Айта кетерлігі, облыс орталығына жақын орналасқан қазақы қаймағы бұзылмаған ауылда партияның бірқатар жобалары сәтті жүзеге асуда. Соның айқын дәлелі – «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылықты арттыру жобасы.

Айша бибіге табан тіреген Дәулет Кәрібек аталмыш жобаның оқу барысымен танысты. Кездесуде жобаның мақсаты тұрғындарға тағы да кеңінен таныстырылып, заңгерлік кеңестер де тегін берілетіні айтылды.

Айта кетерлігі, осыған дейін жоба аясында 1 433 жамбылдық оқудан өткен. Бүгінде 400-ге жуық азамат тәлім алып жатса, жоспарға сәйкес 10 мыңнан аса адамды қамту көзделіп отыр.

Мұнан соң Дәулет Жамаубайұлы ауыл тұрғындарымен кездесіп, «Ауыл Аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысын талқылады. Жиында тұрғындардың пікірлері тыңдалып, шешімін табуы тиіс мәселелер жан-жақты сараланды.

Бүгінгі күні елді мекенде жоба аясында ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып қойыпты. Сондай-ақ, 103 азаматтың құжаты рәсімделіп үлгеріпті. Алдағы аптада олар тиісті қаржысын қолдарына ала бастайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.