Бүгін “AMANAT” партиясы облыстық филиалында облыстық мәслихат депутаттары О.Дәуіт пен Д.Мүсірбековтың, қалалық депутат С.Жетібаевтың қатысуымен «Ашық есік» күні өтті.
Қабылдауда облыс әкімдігі басқарма және Тараз қаласы әкімдігі өкілдерімен бірлесе тұрғындардың өтініштеріне құлақ асып, көтерген мәселелерінің шешу жолдары қарастырылды.
Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Азизходжа Акрамходжаев ІІ топ мүгедектігінен ІІІ топқа ауыстырылғанына наразылығын білдіре келіпті. Тұрғынның өтініші бірден назарға алынып, қазан айында құжаттары қаралатын болады. Ол бойынша сала мамандары денсаулығын қайта зерттемек.
Байзақ ауданының тұрғыны Толқын Джаксибаева тұрақты жұмысқа орналастырып беруді сұрады. Тұрғынның мамандығы медбике екен. Бұл орайда, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев басқарманың кадр бөліміне түйіндемесін қалдыру туралы ұсынысын білдірді. Алдағы уақытта сол бойынша өтініш иесіне тұрақты жұмыс қарастырылатын болады.
Тағы бір байзақтық тұрғын Бақыт Садықбеков мүгедектік алуға ықпал етуді сұрай келіпті. Оның да өтініші назарға алынып, мүгедектік беру бойынша құрылған арнайы комиссияның төрағасы тұрғынның мәселесін қайта бақылауға алмақ.
Ал тараздық тұрғын Әлімхан Нұрбергеннің баласын тегін ыстық тамақ және мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша өтініші толық шешімін тапты.
Айбарша Бупежанова «Бәйтерек» мөлтек ауданының №28 үйдің алдына автокөлік жылдамдығын тежегіш орнату туралы ұсынысын білдірді. Ол бойынша қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі Полиция департаментіне арнайы ұсынысын жеткізетін болды. Тілге тиек ете кетерлік жайт, соңғы 6 айда облыс орталығында ешқандай жол белгілері қойылмаған. Ол бойынша қазіргі таңда конкурс жарияланып, мердігер компания анықталу үстінде.
Партия ұймдастырған “Ашық есікке” Жамбыл облысы бойынша құлағы естімейтіндер қоғамдық бірлестігінің” 5 өкілі қайырылды. Олар өздеріне қатысты көтерген бірнеше мәселелелерге құзырлы органдарды арнайы жинап, бірге қарастыруды келісті.
Сондай-ақ, қабылдауда тұрғын үйге қол жеткізу, балаларының денсаулығын жақсарту, мөлтек аудандарда балалар ойын алаңшаларын салу туралы тұрғындардың мәселелері тыңдалды.
Бұл өтініштердің барлығы бақылауға алынып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе кезеңмен шешімін табатын болады.