Жауынгерлер заңғар жазушы Шерхан Мұртазаның шерлі шығармаларымен танысты

0 22

6 қазанда Ұлттық ұланның Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің клубында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қызметкерлері жауынгерлермен Қазақстанның халық жазушысы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылығына арналған “Түсіме жиі Мыңбұлақ кіреді” атты әдеби-танымдық кешін өткізді.

Аталған кездесуді жас жауынгерлермен өткізудегі басты мақсат — жазушының мол мұрасын кеңінен насихаттап, таныстыру, әдеби шығармаларындағы қаһармандардың бейнесін үлгі тұту, ондағы эпизодтарды талқылап, бірлесе ой қозғау болатын.

Шара барысында Шерағаның фото суреттерінің және жеке заттарының көрмесі ұйымдастырылып, жазушының әдеби шығармаларындағы Отанды сүю өзің туған ауылды сүюден басталатыны әңгімеленді.

Кешті жүргізген Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, мекеменің ғылыми қызметкері Қамбатыров Ербол Дәулетұлы заңғар жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы тың мәліметтермен бөлісті. Айтыскер жас ақын, ғылыми қызметкер Апбасов Дидар Оңғарбекұлы импровизация жасап, Шерағаңның жауһарларын айтыс өнерімен өрлеп, әдеби кешті одан да қыздыра түсті.

Аға ғылыми қызметкер Метеркулова Фарида Оразқызы жазушының алаштың қайраткер ұлы – Тұрар Рысқұловқа арналған тарихи туындысы «Қызыл жебе» мен зұлмат жылдардың қайсар қаһарманын бейнелеген «Ай мен Айша» сияқты жауһар романдарынан үзінді келтіріп, сарбаздарды бірде Рысқұлмен бірге Аспара тауына шығарып, бірде Айша анамызбен Мыңбұлақ бөктеріне ойша саяхат жасатты. Шара барысында ұландықтар орталық қызметкерлері арнайы дайындап әкелген бейнетаспалармен танысты.

Әдеби танымдық кеш соңында әскери қызметшілер Шерағаңның құнды дүниелерінен тұратын жәдігерлерді тамашалап, қарымды қалам иесінің жан дүниесін түсінгендей болды. Өз кезегінде мекеме қызметкері ақын Ербол Дәулетұлы:«Араларыңнан Шерағаңдай елдің мұңын, жұрттың жоғын жоқтайтын дара, дана тұлға, қарымды қалам иесі шыға берсін»,- деп батасын берді.

Ия, кезінде шындықтың шырақшысы атанып, қазақ журналистикасына өзіндік өрнек салумен қатар, әдебиет саласының көш басындағы санаулы саңлақтарының қатарында тұрған заңғар жазушының тарихтың таңбалы беттеріндегі өшпес оқиғалар мен ұлы тұлғаларға арналған мол мұрасын жас ұрпақ жадынан өшірмеуі тиіс.

5513 әскери бөлімі

сержант Салтанат Әзімхан

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.