«Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» — деп Ата заңда көрсетілгендей, туған жұртын сүю, Отанына қалтқысыз қызмет ету әрбір ел азаматының қасиетті борышы.
Ер адамның жастайынан әскери формаға қызығып, 18 жасқа толысымен Отан алдындағы борышын өтеуге асығатыны бабаларымыздан қалған батырлық жолдың үлгісіндей.
Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың бойынан Отанға адал қызмет ету, оның қауіпсіздігін көздің қарашығындай сақтау, ең қымбат қазынамыз – Тәуелсіздігімізді қорғау, ар-намысты биік ұстау, ұлтын сүю секілді патриоттыққа баулитын қасиетті ұғымдар жете танылуда. Соның арқасында қазіргі уақытта әскерге шақырылушылардың қатары өсуде.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерінің қатарында қызмет еткісі келетін жастар легі көп. Бірқатары әскери борыштарын өтеп те жүр. Барлығының жүректеріндегі айқын мақсат бір, ол – Отанын қорғау, берген әскери Анттарына адал болу.
Құқықтық тәртіп әскерінің Тараз қаласында орналасқан 5513 әскери бөлімінде де еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған сарбаздар әскери борыштарын өтеуде. Олар шаһар көшелеріндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету мен сотталғандарды айдауылдау секілді өздеріне сеніп тапсырылған міндеттерді абыроймен атқаруда.
Әскерде тек жауынгерлік қызмет қана емес, онда да өмір бар, өзінің қызықтары бар. Сарбаздар жауынгерлік қызметтен бос уақытта спортпен шұғылданады, кітаптар оқиды, ән айтып сазгерлік өнерлерін шыңдайды, одан бөлек түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға қатысады. Бір сөзбен айтқанда азаматтық өмірдегі өз қызығушылықтарын жетілдіруге бар жағдай қарастырылған.
«Өнер – ұлт келбеті» — дейді дана халқымыз. Өнерде шек болған емес, оны түсінуге тілдің де керегі жоқ. Бүгінде қазақ эстрадасында өзіндік стилімен, өзгеше даусымен ерекшеленіп, ән әлеміне жаңа леп әкеліп жатқан жас әншілер қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Отан алдындағы борышын өтеп жүрген мерзімдік қызмет әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Ғалымжан Дүйсенғазин.
Ғалымжан талай жасты талантымен таңғалдырған жас әнші, «Это девочка по-порядна», «Я схожу с ума» әндерінің авторы әрі орындаушысы. Қазіргі уақытта «Gakku» арнасындағы «Это девочка по-порядна» әнінің бейнебаяны 22 миллионға жуық қаралым жинаған.
Ұландық жауынгер Ғалымжан Дүйсенғазин 2003 жылы Абай облысы Аягөз қаласында дүниеге келген. Өзінен бөлек отбасында үлкен әпкесі мен ағасы бар. Әнге деген қызығушылық пен құмарлық Ғалымжанның бойынан бала кезінен бастап көріне бастаған. Мұны байқаған ағасы Бақтияр туған күніне арнап гитара сыйға тартқан екен. Мектеп қабырғасын 2020 жылы аяқтап, Ғалымжан өзінің алғашқы әндерін жазуды бастады. Халықтың қалауынан шыққан өзінің хитқа айналған әнін 2021 жылы жазып, тыңдармандарға 2023 жылы жол тартқан. Әдемі дауысы, әуезді әуенімен құлаққа жағымды ән аз ғана уақыт ішінде тыңдарман арасына кең тарап, көптеген жақсы пікір қалыптастырды.
— Отан алдындағы мінсіз қызметте де өнерді тастамай, өзімен бірге алып жүретінім анық. Өнер – таусылмас қазына екенін білемін. Әскерге дейін әншілікпен айналыстым. Өзімнің жеке жазған туындыларым бар. Бірі білсе, бірі біле бермейтін «Это девочка по-порядна», «Я схожу с ума» әндерінің авторы әрі орындаушысымын. Бұдан басқа қоржынымда әскерге дейін де және әсер қатарында жүріп те жазған бірнеше әндерім бар. Алдағы уақытта тың туындыларымды халықтың назарына ұсынатын боламын, — дейді ұландық жауынгер Ғалымжан Дүйсенғазин.
Өзі сарбаз бола тұрса да, өнерді тастамаған қатардағы жауынгер Ғалымжан Дүйсенғазиннің әлі талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз. Сазгер сарбазымыздың әрқашан жолы ашық болсын!