Жамбыл облысының Меркі ауданында жабайы қарасора жинау кезінде полицейлер 42 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Жедел-іздестіру операциясы «Қарасора-2024» алдын алу іс-шарасы барысында өткізілді.
Жақын маңдағы аумақты тексеру кезінде күдікті орып дайындаған жабайы қарасора тәркіленді, сондай-ақ орақ табылды.
Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес барлығы 39 келі 700 гр «кептірілген марихуана», 22 келі «кептірілмеген марихуана» (жалпы салмағы 61 келі 700 гр) тәркіленді.
Ұсталған адам өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Ол бұрын осындай қылмыстар жасағаны үшін сотты болған.
— Күдікті түнде сағат 23:50-де ұсталды. Негізінен, есірткі сатушылар түнде жұмыс істейді, сондықтан біз тоқтаусыз режимде жұмыс жасаймыз. Әсіресе, қарасораның қаулап өсіп тұрған кезеңінде демалыс жоқ. Күдіктіге қатысты аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтағаны үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, — деп пікір білдірді облыс ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.