Облыстық Өзбек этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің өкілдері Түркі халықтарына ортақ Наурыз мерекесін атап өтті.
«Сумаляк-Наурыз» атауымен ұйымдастырылған мерекелік жиынға облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің өкілдері, өнерпаз жастары, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрағалары мен мүшелері, «Мейірімді Аналар» кеңесінің төрайымы Парохат Ходжиметова, Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов қатысты.
Кеңестің төрайымы Дилиорум Каримова бастаған аналардың ұйытқы болуымен келген меймандарға кең дастархан жайылып, мерекенің бас тағамы бидай дәнінен сумаляк әзірленіп, қонақтарға ұсынылды.
Мерекелік думанда «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева жиналған қауымды мерекемен құттықтап, айтулы күннің маңызына тоқталды. Күллі Түркі халқын береке мен бірлікке бастайтын мерекеде аймақтық ҚХА Аналар кеңесінің төраға орынбасары, Республикалық Дүнгендер этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова, «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы Аналар кеңесінің төрағасы Пайза Куненова ақ жарма тілектерін білдірді.
Сондай-ақ, «Бақыт» вокалды-инструменталды ансамблінің жетекшісі Абдурашид Балтаходжаев қазақ, орыс, өзбек тілдерінде ән салып, кештің шырайын келтірді.