Өңірде ең ірі металлургия зауытының құрылысы басталды

0 2

Jibek Joly арнайы экономикалық аймағының аумағында металлургия зауытының құрылысы жүріп жатыр. Аталған жоба Премьер министрдің Қытай халық республикасына жасаған жұмыс сапары аясында өткен кездесулер мен қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде жүзеге асырылуда.
Қытайлық инвестор Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясының қатысуымен жалпы құны шамамен $1,2 млрд-ты құрайтын еліміздегі ең ірі металлургия зауыттарының бірінің құрылысы басталды. Жобаны қаржыландыру инвестордың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Кәсіпорын арматура, созба сымдар, жолақ және профильді болат, сондай-ақ металл өнімдерінің басқа да түрлерін шығарады.
Fujian Hengwang Investment Co., Ltd басқарма төрағасы Цзэн Чжаоцянь 2027 жылы бірінші кезеңді іске асыру аясында зауыттың өндіріс қуаты жылына 1 млн тоннаға жететінін баяндады. 2027–2029 жылдар аралығындағы екінші кезеңде өндіріс көлемін жылына 3 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ кәсіпорынның қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін газ турбиналы электр стансасының құрылысы қарастырылған. 2,5 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Циклдің маңызды элементі – темірді тікелей тотықсыздандыратын қоршаған ортаға зиянсыз технология қолдану.
Қазақстан темір рудасының қоры бойынша әлемде 9-шы орын алады. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, өндіріс көлемі 37 млн тоннаға жетті. Толық циклді металлургия кешенінің жаңа жобасы отандық металлургияның дамуына айтарлықтай үлес қосып, экологиялық таза технологияларды қолданудың үлгісіне айналады.
«Аталған жоба еліміздегі темір рудасын терең өңдеудің толық циклі бар қара металдар мен металл өнімдерін шығаратын ірі өндірушілердің біріне айналады. Үкімет бұл зауыттың құрылысына жан-жақты қолдау жасап, оның сәтті іске қосылуына қажетті көмек көрсетеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.