Жамбыл облысында интеграцияланған өнеркәсіп паркін құру жоспарлануда. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтың өңірге сапары барысында айтылған еді. Қазір аймақта жүгеріні терең өңдеу зауытын салу бойынша жұмыстар басталды.
Инвестиция көлемі $800 млн-ды құрайды. Және өндірістік қуаттылығын жылына 1 млн тонна жүгеріден әрі қарай 3 млн тоннаға дейін ұлғайта отырып, тігінен интеграцияланған өнеркәсіп паркін құру бойынша жұмыстар атқарылмақ.
Жобаны биоферментация индустриясындағы әлемдік көшбасшы – қытайлық Fufeng Group компаниясы жүзеге асыруда. Өнеркәсіп кешен құрамына крахмал зауыты және үш биоферментация кәсіпорны кіреді. Зауыттан: лизин, глутамин, глутамин қышқылы, лейцин, треонин, жем және тағы да басқа жоғары қосылған құны бар өнімдер шығарылады деп күтілуде.
Жоба құрылыс кезеңінде 6000 жұмыс орнын ашуға, ал пайдалануға берілгеннен кейін 1500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді (бастапқы кезеңде 400 жұмыс орны ашылады).
Компания биыл 2026 жылдың өнімін өңдеу үшін 300 мың тонна жүгері сатып алуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын жамбылдық шаруалармен офтейк-келісімшарттар жасасып, өзара тиімді әріптестіктің берік негізін қалауды көздейді.
Жүгеріні терең өңдеу қосымша құны жоғары өнімдер – аминқышқылдары (лейцин, валин, изолейцин, глутамин, цитрулин), крахмал, глюкоза алуға мүмкіндік береді. Қалдықсыз өндіріс жолға қойылады: дәнді дақылдардың қалдықтарын мал азығы ретінде пайдалану жоспарлануда.
Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
– Ел Президенті өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70 пайызға жеткізу межесін қойды. Басым бағыттардың бірі – дәнді дақылдарды терең өңдеу.
Бүгінгі жоба – бұл міндеттің іс жүзінде жүзеге асуының жарқын көрінісі. Зауыт егістіктен бастап тұтынушыға дейінгі қосылған құны жоғары өнім өндіретін біртұтас жүйені қалыптастырады.
Бұл бірегей жоба Қазақстанның барлық оңтүстік өңірлерінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға тың серпін беріп, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұрақты табыс әкеледі, – деді Ербол Қарашөкеев.
«Fufeng Group Limited» басқарма төрағасы Ли Сюэчунь ұзақ мерзімді инвестициялық ынтымақтастық туралы айта келе, Жамбыл облысының әлеуеті зор екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғысын білдірді.
Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында 10 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін, жалпы құны 3,6 трлн теңгені құрайтын 82 жоба бар.
2025 жылдың 3 айында 120,5 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,1 пайызға артық.
Биыл жалпы құны 175,2 млрд теңгеге 30 жобаны іске асыру жоспарлануда.