Байзақтықтар «Қайғылы ана» моументіне гүл шоқтарын қойды

0 4

9 мамыр-Жеңіс күні Сарыкемер ауылындағы “Батырлар” аллеясында «Ұлы Жеңіс ұмытылмайды» атты акция аясында «Қайғылы ана» монументінің алдында еске алу жиыны өтті.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров сөз алып, Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталуына қазақтың қайсар ұлдары өлшеусіз үлес қосқанын, ерлікпен қаза тапқан батырлар мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегінің арқасында жас ұрпақ алаңсыз өмір сүріп жатқандығын айтты.

Жеңіс күні – ерекше қастерлі күн. Жеңіс туы желбірегелі 80 жыл өтсе де майдан даласынан қайтпай қалған боздақтардың, ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен батырларымыздың, елге оралған соң еңбек майданында шыңдалған ардагерлердің, тылда Жеңіс үшін уақытпен санаспай еңбектенген аға буынның қажырлы еңбектері ұмытылмайды,-дей келе мұндай қасірет ешуақытта қайталанбасын деген тілегін жеткізді.
Мұнан соң жиналғандар майдан даласында шейіт болған жауынгерлер мен ел қорғаған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаев бастап, жиналған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Бұдан соң іс-шара орталық саябақта жалғасты. Онда шараға қатысушылар Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың ескерткішіне гүл дестелерін қойып, батыр рухына тағзым етті.
Халқымыздың айбынды перзенті, алмас мінезді жерлесіміз, Отанды сүюдің хас үлгісін көрсеткен Ақәділ Суханбаевтың ерлігі қаншама уақыттар өткенімен ел санасында жаңғырып, тарих тақтасында жарқырап тұр. Халық батыр ұлын дәріптеп, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп отырады. Сондықтан Жеңіс күні хас батырдың ерлігіне құрмет көрсетушілер қатары қалың болды.
Бұл күні барлық ауылдық округтерде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Отан үшін от кешкендердің ерлігі әспеттеліп, бейбіт күннің қадірін түсінудің маңыздылығы, өсіп келе жатқан ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп, Отанға деген сүйіспеншілікті, ерлік пен өрлік қасиеттерін сіңіруге бағытталған іс-шаралар өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.