«Нарша оқулары» байқауының жеңімпаздары марапатталды

0 5

«Әулиеата-кітап оқитын өңір» жобасы-жастардың талабын ұштау, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру бағытындағы игі бастаманың бірі. Жалпыға ортақ жарқын жоба ауыл-аймақтарда да сәтімен жүзеге асырылып жатыр. Аудандық «Нарша оқулары» байқауы осы жоба аясында қолға алынды. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруындағы шара білім беру мекемелерінің орналасқан аумағына қарай 7 аймақта қатар өткізілді.
Ал, қалада білім алып жатқан орта мектеп арасынан байқауға қатысушы үміткерлер А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияда бас қосты. Нарша өлеңдерін мәнерлеп оқу, Нарша Қашағанұлына арнау және Наршаның сөзіне жазылған әндерді орындау сынды үш кезең бойынша өзара мықтыны анықтады.
Шығармашылық қабілетімен ерекшеленген, талабы таудай өрендерге қойылған байқаудың талаптары да оңай болған жоқ. Оқушылар ақын өлеңдерін жатқа мәнерлер айтумен қатар, жанды дауыста шырқаған әнге де қазылар алқасы баса назар аударды. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 1-4 сынып және 5-11 сынып оқушылары екі топ бойынша сайысқа түсті. Байқауға қаладағы 8 сегіз мектептен 60-қа жуық оқушы қатысты.
Байқау соңында талантты өрендерге сәттілік тілеген қазылар алқасының төрағасы, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Дүйсен Нұрбалтаев: — «Нарша оқулары» байқауының бұл іріктеу кезеңі. Оқушылар ауданда әр аймақ бойынша сынға түсіп, үздік атанғандар алдағы уақытта өтетін аудандық байқауға жолдама алады. Шара «Әулиеата-кітап оқитын өңір» жобасы және Нарша Қашағанұлының туғанына 74 жыл толуына орайластырылды. Келесі жылы ақынның 75 жылдығына орай облыстық байқау өткізуді жоспарлап отырмыз,-деп шарада ұздік өнер көрсеткен оқушылардың есімдерін атады.
Байқау қорытындысы бойынша Нарша өлеңдерін мәнерлеп оқудан 1-4 сынып оқушылар арасында 1-орынды А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның оқушысы Диана Мейрамбай, 2-орынды №1 мектеп-лицейдің оқушысы Арайлым Мұстафа, 3-орынды А.С.Пушкин атындағы орта мектептің оқушысы Жібек Искакова иеленсе, 5-11 сыныптар арасында 1-орын С.Сейфуллин атындағы орта мектеп оқушысы Мамырбек Жаңылға, 2-орын М.Әуезов атындағы орта мектеп оқушысы Айназ Әбдірасылға, 3-орын А.С.Пушкин атындағы орта мектеп оқушысы Альфия Қалилаға бұйырды,
Сондай-ақ, «Арнау» аталымы бойынша бастауыш сыныптар арасында С.Сейфуллин атындағы орта мек­тептің оқушысы Алинұр Бекұзақ жеңімпаз деп та­ныл­са, 2-3-ші орындарды Д.Қонаев атындағы ор­та мектебінің оқушысы Сезім Төленбекқызы мен А.С.Пушкин атындағы орта мектептің оқушысы Кәу­сар Жолдас өзара бөлісті. Ал жоғары сыныптардан 1-орын Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп оқушысы Аида Прбергенге, 2-орын Д.Қонаев атындағы орта мек­тептің оқушысы Сағыныш Қабылбекке, 3-орын мек­теп-лицейдің оқушысы Қымбат Маратқызына берілді.
Ал, ақын сөзіне жазылған әндерді орындауда 1-4 сыныптар арасында С.Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушысы Расул Думанның мерейі үстем болса, 2-орынға мектеп-лицейдің оқушысы Ақназар Бектілеу, 3-орынға А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның оқушысы Диана Мейрамбай лайық деп танылды. Ал, 5-11 сыныптар арасында мектеп-лицей оқушысы Арнұр Ермектің бәсі басым болса, М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушысы Айым Бақытбек пен А.С.Пушкин атындағы орта мектептің оқушысы Ақсезім Жалғасбай жүлделі орындарды өзара бөлісті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.