Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысындағы бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалардың рөлі
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасымен бірлесе отырып, «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысындағы бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалардың рөлі туралы» тақырыбында семинар-тренингі болып өтті.
Аталған семинар-тренинг облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында өткізілді.
Семинарға облыстық аумақтық сайлау комиссиясының толық құрамы, қалалық, аудандық аумақтық сайлау комиссияларының өкілеттігін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын мүшелері, Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы, Жамбыл облысы прокуратурасының өкілі, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бухгалтерлік есеп бөлімінің басшысы, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, қала,аудан әкімі аппаратының басшылары, қала/аудан әкімі аппаратының ұйымдастырушылық бөлімінің басшылары, қала/аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, саяси партиялар және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қалалық, аудандық газеттердің бас редакторлары мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Семинар-тренингті Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы Айдапкелов ашып, қатысушыларды семинардың бағдарласымен таныстырды.
«Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар сайлаушылардың сайлау процесіне тікелей араласуына, өз таңдауын жасауына, олар өз өкілдері арқылы мемлекеттік органдардың шешімін қабылдау процестеріне қатысуына және елімізде азаматтық қоғамды қалыптастыруда өз ықпалдарын жасауына мүмкіндіктер беруде.
Осыған орай, бүгінгі кездесуімізде сайлау процесін даярлаумен өткізу барысында уәкілетті органдармен қоғамдық ұйымдардың негізгі міндеттерінің бірі, тұрғындар арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру болғандықтан, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасымен бірлесе отырып, семинардың күн тәртібіне «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысында бұқаралық ақпарат құралдарының және онлайн-платформалардың рөлі» тақырыбын ұсынуды жөн көрдік»,-деді.
Сондай-ақ, семинардың мақсаты – бәсекелестік призмасы арқылы сайлаудың қоғамдағы саяси орны мен заңдылығын көрсете отырып, өңірімізде сайлау туралы оң пікір қалыптастырып, сайлаушылардың белсенділігін арттыру екеніне тоқталды.
Семинардың бағдарламасына сәйкес, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Салқанұлы Жамалов «Бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаның сайлау барысындағы рөлі» тақырыбында дәріс оқыды. Өз сөзінде: семинардың негізгі мақсаты – сайлау процесіне қатысушы барлық тараптарды, оның ішінде БАҚ өкілдерін, қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау және бірлескен жұмысқа шақыру болып табылады. Қазақстандағы сайлау процесі мен медианың рөлі қазіргі ақпараттық қоғамда өте маңызды, себебі әділ және ашық сайлау демократиялық мемлекет үшін маңызды фактор, — деп атап өтті.
Сондай-ақ, сайлау процесіндегі медианың міндеттеріне, цифрлық медианың және әлеуметтік желілердің әсеріне, ақпараттық теңдік туралы және БАҚ пен сайлау органдарының өзара іс-қимылына түсіндірме берді.
Келесі «Әулие ата-Медиа» АҚ-ның бас директоры Данияр Асқарұлы бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар саласында енгізілген жаңашылдықтар туралы баяндады. Өз баяндамасында: — Осы күнге дейін өткен әрбір саяси науқанда өңірдің ақпарат саласы «сапалы әрі шынайы, ашық әрі әділ» қағидатына негізделіп келді. Әріптестеріміз сайлау науқаны басталғаннан, қорытындысы шыққанға дейін маңызды шараның басы-қасынан табылып, сайлау учаскелерінен тікелей ақпарат таратып келеді. Себебі, кез- келген сайлау науқаны халықтың, мемлекеттің әуелгі болашағы үшін жүзеге асса, бұқарамен бір қазанда қайнаған журналистер қауымы үшін бұл – кәсіби міндет қана емес, сонымен қатар өмірлік ұстаным, қастерлі қағида, деп айтып өтті.
Әрі қарай, бағдарлама бойынша, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы «Жергілікті атқарушы органдардың сайлау процесін даярлау барысында бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаның жұмысын ұйымдастырудағы рөлі» тақырыбында баяндама жасады.
Ж.Нұрмолдаұлы облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы Қазақстан Республикасы Сайлау туралы Заңын басшылыққа ала отыра, сайлау науқанында идеологиялық іс-шаралардың сапалы өтуін, оларды ақпараттандырумен қатар, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақталуын бақылайтынына тоқталды.
Келесі болып, «Сайлауға дайындық және оны өткізу барысында сайлаушыларды ақпараттандыру жұмысын ұйымдастыру» туралы тақырыпта Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Уалихан Байдуанов, «Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі (Өңірлік коммуникациялар қызметі)» КММ-нің басшысы Алмат Садуақас әлеуметтік медиа маркетингтегі трендтерді (контент, конверсия, hook, smm, рилс, көрілім, лид және т.б.) сайлау саласында қолдану туралы баяндады.
Келесі сөз кезегі, Тараз қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Жандос Байтасовқа беріліп, «Үгіт-насихат кезеңінде және дауыс беру күнгі бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаны қолданушылардың жауапкершілігі туралы» баяндады.
Бағдарлама бойынша, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Қадырбекова сайлау науқандарын өткізуге қаралған бюджет қаражатын тиімді пайдалану туралы хабарлама жасады.
Семинар-тренингтің пленарлық бөлімінің жұмысы аяқталып, қатысушылар 2 топқа бөліну арқылы секциялық жұмыс жалғасты.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Т.Жамаловтың төрағалығымен өткен бірінші топтың секциялық жұмысына облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, қалалық, аудандық аумақтық сайлау комиссияларының орынбасарлары, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдіктер ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, БАҚ өкілдері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті.
Семинардың бағдарламасына сәйкес, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мерей Амангелді «Сайлау және ақпарат кеңістігі, оның ішінде, БАҚ-та жарияланған материалдардың ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығы» тақырыбында, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мейржан Сембеков «Сайлаудағы цифрлық мүмкіндіктер: онлайн-платформалардың рөлі» туралы дәріс оқыды.
Семинар бағдарламасы бойынша, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға қатысуын ұйымдастыруға бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларды тарту жұмыстары туралы баяндаса, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Еркін Жапаров «Сайлаудағы құқықтық жауапкершілікке» тоқталып, сайлауды даярлау мен өткізу барысында орын алған заң бұзушылық туралы кейстерге талдау жасады.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы А.Боранбаевтың төрағалығымен өткен екінші топтың секциялық жұмысына облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы, қалалық, аудандық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, қала, аудан әкімдері аппаратының басшылары, қала, аудан әкімдігі ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Жиында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Абылхайыр Боранбаев «Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат ұсыну, тіркеу, және кандидаттардың құжаттарын заң талаптарына сәйкестігін тексерудегі өзекті мәселер» туралы баяндады.
Сондай-ақ, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдеріне кандидаттар резервін даярлау және ұсыну бағытында жергілікті атқарушы орган мен саяси партиялардың бірлескен жұмыстары туралы Жамбыл ауданы әкімінің аппарат басшысы Самат Селеубаев пен Қордай ауданы әкімінің аппарат басшысы Нұрболат Сатымқұл хабардар етті.
Сонымен қатар, сайлау науқаны кезеңдерінде шақыру қағаздарын сайлаушыларға тарату барысында сайлауға қатысушылардың мониторингін жүргізу туралы Байзақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жарас Джакипбеков айтып өтті.
Пленарлық және екінші секциялық жұмыс бөлімінде қаралған мәселелер бойынша, Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев сөз сөйлеп, сайлау науқаны кезеңінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылып жүрген жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу кезеңіндегі сайлаушыларды саяси науқан бойынша жүйелі түрде ақпараттандыру жұмыстары аудан әкімдерінің идеология жөніндегі орынбасарларының лауазымдық міндеті екеніне тоқталды.
Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыру бойынша сайлау учаскелері орналасқан ғимараттары бойынша түсініктеме берді. Сайлау учаскесі орналасқан ғимараттағы пандустардың, көтергіш тетіктердің және шақыру қоңырауларының жәй-күйін айтып, талапқа сәйкес келмейтін учаскелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетіні жөнінде айтып өтті.
Сонымен қатар, науқан кезінде саяси партиялармен заң талаптарын түсіндіру жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныс білдірді.
Семинар-тренингте тақырыптар бойынша дәрістер оқылғаннан кейін, қатысушылар тарапынан сайлау науқаны барысында туындаған сұрақтар семинардың бағдарламасына сәйкес өткізілген секциялық жұмыста практикалық тұрғыда талқыланып, нақты жауаптар берілді.
Семинар аумақтық сайлау комиссиялары мен мемлекеттік органдарға, БАҚ өкілдеріне және саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Қорытынды бөлімінде қатысушыларға пленарлық бөлімнің жұмысы мен секциялық жұмыстан алған біліктілікті нақтылау мақсатында, оқылған тақырыптар бойынша сауалнама жүргізілді.
Семинар соңында екі секциялық бөлімдерде айтылған ұсынымдар тыңдалып, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов сайлау процесіне белсенді атсалысқан азаматтар мен ұжымдарды алғыс хатпен марапаттап, семинар жұмысын аяқтады.