Мәдениет қызметкерлерінің байқауы Майтөбе ауылында жоғары деңгейде өтті

0 3

Ауыл іргесіндегі жасыл аумаққа облыстағы он ауданның мәдениет қызметкерлері киіз үй тігіп, онда әр аймақтың тарихы мен мәдениетін, өнері мен әдебиетін танытатын құнды жәдігерлер, қолөнер көрмесі қойылды. Ақшаңқан киіз үйлер мен әсем безендірілген сахна, көрермендерге арналған шатыр ашық аспан астында көзтартар табиғатпен әдемі үйлесім тапты. Әрі келушілерге көтеріңкі көңіл сыйлаумен қатар, қанатқақты жобаның маңыздылығын айқындап берді. «Ауыл-club» облыстық арт-тимбилдингі облыс әкімдігінің қолдауымен, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Ауқымды шара облыстағы барлық ауылдық мәдениет үйлері мен клуб меңгерушілері және ыңғайластырылған клубтың мәдени ұйымдастырушыларын қамтыды. Облыстық тимбилдингтің талабына сәйкес әр ауданнан келген командалық ұжым 40 минуттық музыкалық, ойын-сауық бағдарламаларын ұсынды. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар тарапынан клуб жұмысы бойынша арнайы тапсырмалар берілді. Одан бөлек қатысушылар интеллектуалды-логикалық ойындар бойынша өзара бақ сынады.
Екі күнге созылған ауқымды байқаудың ашылу салтанатына облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев арнайы қатысып, әр ауданның құрған киіз үйлерін аралап, аймақтардың өнеріне тән ерекшеліктерімен танысты. Сонымен қатар, әртістердің әзірлеген қойылымдарын тамашалап, өнердің асыл қазынасын ұлт руханияты деп таныған өнерпаздарға шығармашылық табыс тіледі.
Екі күнде барлық ауданнан келген ауылдық мәдениет үйі және клуб меңгерушілері өз міндеттері бойынша арнайы тапсырмаларды орындап, интеллектуалды ойындардан сынға түсті. Байқауда бекітілген мұндай шарттар әріптестердің біліктігін анықтап қана қойған жоқ, олардың өзара тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндіктер берді. Аз уақыттың ішінде мәдениет қызметкерлерінің бір-бірімен байланыс орнатып, достық қатынасты арттыруға сеп болды.
Облыстық арт-тимбилдингтің алғашқы күні барлық қатысушылар Талас ауданының өнерпаздары ұйымдастырған концертте, кеш­те жағылған алау басында бас қосып, пікір алмасты.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Талас ауданы жеңіп алды. 1-орын Байзақ ауданына бұйырса, 2-орынға Меркі ауданы лайық деп танылды. Ал, үздік үштікті сарысулық мәдениет қызметкерлері иеленді.
Осылайша екі күнге созылған «Ауыл-сlub» арт-тимбилдингі ауыл мәдениетінің жаңа тынысын ашып, шығармашыл жандар­дардың басын қосқан тәжірибе алаңына айналды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.