Шығармашыл жан қай жаста болмасын сұлулықты, әсемдікті іздеумен өмір сүреді. Жастық шағында сурет салып, тігін тігіп, тоқыма тоқып, қолөнерге әуестенген біздің кейіпкеріміз, зейнетке шыққан соң бұл істерге қайта оралып, шығармашылықтың рахатына бөленіп жүр.
Біздің кейіпкеріміз – Тоты Абдыкалыкова – осы сөзімізге жарқын дәлел.
Тоты Советқызы 1959 жылы қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының «Филология» мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын 1982 жылы Байзақ ауданы, Шахан ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте бастайды. Жас маманға алғашқылардың бірі болып сенім артқан мектеп директоры Смат Жанболатов пен бастауыш сынып мұғалімі Меңдібай Жүнісов оның қабілетін бірден байқайды. Жұмыс барысында жұбайы Ермекпен танысады. Жастар тіл табысып, шаңырақ көтеріп, содан бері бір-бірінен ажырамай келеді.
Тоты апа жұбайы Ермек ағамен бірге 43 жылдан бері тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Отбасында Ербол, Ерік, Едіге және Алма есімді төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Қазір олар төрт немересінің ортасында шат-шадыман өмір сүріп жатыр.
Зейнет жасына жеткенде Тоты апа жан тыныштығын шығармашылықтан тапты. Алмас мозаикадан сурет құрау мен айқас тігіспен кестелеу – бүгінде оның күнделікті айналысатын сүйікті ісіне айналды. Бұл жұмыстар көп күш пен сабырлылықты талап еткенімен, оны қажытпайды. Керісінше, бойын сергітіп, жанын тыныштандырып, шынайы рахат сыйлайды.
Оның қолынан шыққан дүниелер — табиғат көріністері, жануарлар мен портреттер. Әр туындысы үшін арнайы рамка таңдайды: үлкен суреттерге кең багет, кішкентайларына – тарлау, эстетикасын сақтау үшін.
Тоты Советқызының жұмыстары – жарқын, әсем, өмір мен жылылыққа толы. Өнерге, сұлулыққа деген сүйіспеншілігі оның әр ісінен байқалады. Жүрегімен істеген жұмысы көрерменнің де жүрегінен орын табатыны сөзсіз.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.