КОНКУРС: Үздік учаскелік полиция инспекторы анықталды

0 2

Байзақ аудан орталығындағы №7 орта мектепте Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің учаскелік полиция инспекторы, кәмелетке толмаған учаскелік полиция инспекторы қызметкерлері арасында «Үздік учаскелік полиция инспекторы» конкурсы болып өтті. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов сөз алып, учаскелік полиция инспекторларының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, олардың азаматтардың тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтаудағы қажырлы еңбегіне ризашылығын білдірді.
— Байзақ аудандық полиция бөлімі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында жүйелі нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Ағымдағы жылдың 6 айында аудан аумағында жүргізілген профилактикалық шаралар нәтижесінде жалпы қылмыс саны — 11,9%-ға төмендеген. Бұл полиция қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі мен тұрғындармен тиімді байланыс жүргізуінің нәтижесі деп білемін, — деді. Учаскелік және кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының кәсіби шеберлігін жетілдіру, олардың шығармашылық әлеуетін ашу мен қызметтік міндеттерді сапалы және тиімді орындау мақсатында өткізілген байқауға 6 полиция қызметкері қатысып, өзара бақ сынасты. Байқау 5 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылардың бейне презентациялары яғни бейне түйіндемелері көрсетілді. Конкурстың 2 – ші, 3-ші және 4- ші кезеңдері яғни эссе жазу, қызметтік қызметті регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді білуге компьютерлік тестілеу және ситуациялық міндеттерді шешу кезеңдері алдын-ала өткізіліп, қорытындысы қазылар алқасына ұсынылды. Ал, 5-ші кезеңде қатысушылар билет таңдау арқылы зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуі бойынша нақты жағдайға талдау жүргізді. Байқаудың қорытындысы бойынша жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Бақытжан Жауынбеков, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Рахым Айымбеков жеңіске жетті. Жеңімпаздар мен қатысушыларға Диплом табыс етілді. Осындай кәсіби байқаулар ішкі істер органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттырып қана қоймай, оларға жаңа серпін береді, қызметке деген ынтасын ұштайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.