ІССАПАР: Жылыту маусымына дайындық барысымен танысты

0 2

Әне-міне дегенше, тамылжып тамыз айы да келіп жетті. Күз мезгілі келісімен-ақ елдің «Биылғы қыс қатты болады екен», деген сөзін жиі естиміз. Кейде қыркүйектің бірде жылы, бірде салқын құбылмалы ауа райы да қыр астында тұрған қыстың мінезін ептеп сездіретіндей. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, күн жылы, жер қара кезде қысқа дайындық жұмыстарын жүйелеп алған жөн.
Осы мақсатта, аудан басшысы бүгінгі жұмыс күнінде бірқатар мектептер мен әлеуметтік нысандардың қазандықтарын аралап, жылыту маусымына дайындық барысын тексеріп шықты. Іссапары кезінде Сарыкемер ауылындағы №1 мектеп-гимназиясы, аудандық орталық аурухана, әл-Фараби мөлтек ауданындағы блокты-модульді қазандығы, Бурыл ауылдық округіндегі Ы.Алтынсарин орта мектебі, Ботамойнақ ауылдық округіндегі №4 мектеп-лицей, С.Абланов атындағы орта мектеп және ауылдық клуб қазандықтарын аралап, Байзақ ауылындағы елді мекен көшелеріне жүргізілген орташа қысымды газ құбырына ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты.
Аралау барысында әрбір мектеп пен әлеуметтік нысандардың қазандық бөлімшесіндегі жабдықтардың техникалық жағдайын, жылыту жүйелерінің дайындық деңгейін бақылады. Жергілікті коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарының өкілдерімен бірге жылыту жүйелерін пайдалануға рұқсат беру құжаттарын тексеріп, қауіпсіздік техникасының сақталуына және жылыту жүйелеріне байланысты мәселелерге баса назар аударды.
Тиісті сала орынбасары мен мекеме басшылығына барлық мектептер мен әлеуметтік нысандардың жылыту жүйелері қысқы маусымға толық дайын болуы керектігін ескертті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.