Әрбір этнос өкілінің рөлі маңызды

0 2

Бүгінде елімізде 124-тен астам этнос өкілі татулық пен келісімде өмір сүріп ғана қоймай, мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосуда. Қазақстандық бірегейлікті нығайту, этносаралық шиеленістер мен қақтығыстардың алдын алуда бұл – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады.
Осы тұста әзірбайжан этномәдени орталығының төрағасы Эсмира Мамедованың пікірін елеусіз қалдырмадық. Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бергі 30 жыл – тарихи көзбен қарағанда көп емес, бірақ аз уақыт деуге де келмейді. Осы аралықта қоғамдық институт азаматтық қоғамның негізінде, бірегейліктің арқасында елдегі күллі этностың консолидациясын жасай алған.
Бұл – өте үлкен жұмыс. Еліміздің тұрақтылығын, жасампаздығын қалыптастырды. Ассамблеяның ең үлкен жетістіктерінің бірі – осы. Еліміздегі қай ұлт өкілін алсаңыз да, қай елде жүрсе де бірлік пен қоғамдық келісімнің жолындағы жұмысын насихаттап, оның әрі қарай дамуына өз үлесін қосып жүреді. Сондықтан олардың әрқайсысының рөлі өте маңызды.
Ассамблея көпвекторлы ұйым болып саналғандықтан, идеологиялық бағытта көптеген жобаны жүзеге асыру үстінде. Бұнымен шектелмей, өзге елдермен байланыс орнатып, халықаралық дипломатияға үлес қосып жүрген, тіпті, елдер арасында әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтуға ат салысып жүрген азаматтар бар.
Мәселен, Қазақстанда тұратын өзбек немесе неміс секілді басқа да ұлт өкілдері өз атажұртындағы туыстарымен әлі күнге дейін араласады. Олар тұрып жатқан жерінің, яғни, Қазақстанның артықшылығын, жақсылығын насихаттап, кейде инвестиция тартуға септігін тигізуде. Бұл да Ассамблеяның бірден-бір артықшылығы.
Сонымен қатар, Эсмира Гашангқызы ол Ассамблеяның ел бірлігі мен қоғамдық келісімді қамтамасыз ететін бірегей институт екендігін атап өтті. Қазір ұйым ұлтаралық және мәдениетаралық толеранттылықты нығайтуда маңызды рөл атқаруда. Ұлтына қарамастан әрбір азаматтың өз Отанының толыққанды мүшесі екенін сезінуіне, өзара құрмет пен азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға ықпал етеді.
– Қазір ауданда 11 этностың басын біріктірген 4 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бірлестік өкілдері «Бірлігіміз әр алуандықта» қағидатын ұстана отырып, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының бүгінгідей еңселі елге, іргелі мемлекетке айналуына өз үлесін қосуда. Олардың қызметі ұлттар арасындағы достықты нығайтып, мәдени байланыстарды дамытумен қатар, мемлекеттік саясатқа белсенді араласып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған. Облыстық ҚХА жанында Ақсақалдар мен Аналар кеңесі, «Ассамблея жастары» ұйымы, Журналистер клубы, ғылыми-түсіндіру топтары бар. Бұл құрылымдар қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге ат салысып келеді,- дейді әзірбайжан этномәдени орталығының төрағасы Эсмира Мамедова.
Иә, әрбір азамат заң мен тәртіпті сақтай отыра, мемлекеттік тілге, рәміздер мен мәдениетке құрметпен қарап, қоғамдық келісім мен бірлікті қолдауы қажет-ақ. Егер осыны өмірлік ұстанымына айналдырып, ел игілігі үшін адал еңбек ете алса – шынайы мемлекетшілдіктің көрінісі. Ассамблеяның да басты миссиясы – осы мемлекетшілдікті нығайту емес пе?!
«Өз басым Ассамблеяның бірнеше артықшылығын атап өтер едім. Біріншіден, барлық этнос өкілі өз ойларын ашық айта алатын, еркін араласып, мәдениетін бөлісіп, қоғамдық мәселелерді бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік беретін кеңістік. Екіншіден, ҚХА ұлттар арасындағы келісімді нығайтып отыр. Үшіншіден, білім және тәрбие беруде қызметі зор. Сонымен қоса, Ассамблея еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыруда. Қазақстанның этносаралық келісім моделі ЕҚЫҰ-ның 56 тіліне аударылып, 20-дан астам ел тарапынан зерттелуде.
Сайып келгенде, біз түрлі ұлт өкілі болуымыз мүмкін, түрлі мәдениет өкілдеріміз, бірақ бәріміздің мақсатымыз бір – Қазақстанның бейбіт өмірі мен болашағының жарқын болуы. Бұл жолда Ассамблея маңызды миссиясын абыроймен атқарып келеді» деп, ойын қорытындылады бірлестік жетекшісі.
Қорыта айтқанда, өңір-өңірде тынымсыз еңбек етіп, азаматтық қоғам іргетасының берік болуына септесіп жүрген тұлғалар жетерлік. Ассамблея халықтың бірлігі мәселесіне келгенде әлі де көп дүние бере алатыны анық.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Leave A Reply

Your email address will not be published.