Алаяқтық онлайн ойындарға да жетті — полиция

0 3

Қызылорда облысында жыл басынан бері интернет алаяқтықтың 422 дерегі тіркелді. Биыл есепті кезеңде бұл көрсеткіш 222 болған.

Облыстық Полиция департаменті халық арасында сақтық шараларын үзбей жүргізсе де, алаяқтардың құрығына түскендер азаймай тұр.

— Бұл — жай ғана сан емес, 422 адам арам ниеттілерге алданып, маңдай тер ақысынан айырылды деген сөз. Осы қылмысқа қатысты дроппер, дропповод ұғымдары пайда болды. Дроппер қылмысқа көмек көрсетуші немесе қатысушы деген мағынаны білдіреді. Олардың басым бөлігі — жастар, яғни студенттер мен жұмыссыздар. Себебі олар әлеуметтік желіде көп отырады. Сондағы жалған жарнамаларға сеніп, банк карталарын немесе есепшоттарын алаяқтарға береді. Әдетте алаяқтар Instagram, Telegram, Facebook әлеуметтік желілерінде жұмыс ұсынады. Шарты оп-оңай, сіз банкомат карточкасын немесе реквизитін бересіз, ал сізге әр аударымнан 5 мыңнан 50 мыңға дейін ақша төлеуге уәде береді. Шын мәнінде қылмыскерлер оны алданған адамдардан немесе есіртікі айналымынан түсетін заңсыз қаражатқа қол жеткізу үшін қолданады, — деді департаменттің басқарма бастығының орынбасары Тимур Хамитов.

Ал дропповод өз ортасында «барлығы заңды» деген жалған желеумен адамдардың банк карталарын иемденеді немесе олардың атынан банктік қосымшалар ашып, қылмыскерлерге ұсынады.

Балалар бас көтермей ойнайтын «Free fier», «PUBG» сияқты онлайн ойындарды да байқамаса болмайды.

— Оны бір-бірін танымайтын адамдар бір жүйеде ойнай береді. Ойын барысында бір-бірімен сөйлесе алады. Ойыншылар арасындаы алаяқтар ойынға бейім балаларға «анаңды жақсы көрсең, тосын сый жаса» деп алдап хабарлама жазады. Ойынға қажетті құрал-сайманы мен күшті кейіпкерлері бар аккаунт беретінін айтып, қызықтыра бастайды. Әрі қарай түннің екінші жартысында WhatsApp желісі арқылы балаға жазып, «ата-анаң немесе ата-әжең ұйықтаған болса, білдірмей телефонын, банк карточкаларын жасырын алып кел» деп нұсқау беріп, ішіндегі қаражаттарын ұрлайды, — деді Тимур Хамитов.

Еске салсақ, елімізде соңғы бес жылда 86 мың адам қаржы пирамидасына кіріп, 37 млрд теңгесінен айырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.