Шаһарда Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдық мерекесіне орай акция ұйымдастырылды
Елімізде 27 қыркүйек күні ауқымды экологиялық шара – «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтті. Шараға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бастамашы болып, еліміздің барлық өңірінде кәсіподақ ұйымдары белсене қатысты.
Бұл игі бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынып, табиғатты қорғауға, экологиялық мәдениетті арттыруға және болашақ ұрпаққа таза орта қалдыруға бағытталған.
Тараз қаласында өткен тазалық жұмыстарына 6 салалық кәсіподақтың 21 бастауыш ұйымынан 140-тан астам мүше қатысты. Олар қаланы абаттандыруға елеулі үлес қосты.
Іс-шара барысында 20 тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы техникамен шығарылды. Акцияға қатысушылар Көшек батыр көшесіндегі сквер аумағына 25 қылқанжапырақты ағаш көшеті отырғыды. Бұрыннан өсіп тұрған ағаштардың қураған бұталары кесіліп, күтім жасалды.
Қоғамдық орындықтар мен кіші сәулет нысандары сырланып, аумақ толықтай ретке келтірілді.
Бұл күні республика аймақтарындағы кәсіподақ ұйымдары да «Таза Қазақстан – болашақ үшін» ұранымен табиғатты қорғау ісіне бір кісідей атсалысты. Демалыс орындары, скверлер мен қоғамдық кеңістіктерде тазалық пен көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаштар отырғызылды.
-Еліміз бойынша жүргізіліп жатқан бұл акцияның маңызы зор. Шара тек айналаны тазалауға ғана арналмаған. Алдымен түрғындардың қоршаған ортаны аялауға, мәдениетін қалыптастыруға, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі болуға бағытталған. Көріктендіру-көгеріштендіру жұмыстарына әр отбасы үлес қосуы керек. Жалпыұлттық мәдениеттің бастауы тазалықтан басталады,-дейді Гүлнар Айтбаева.
Кәсіподақтар қозғалысы – тек еңбекшілердің құқығын қорғаумен ғана шектелмей, қоғам өміріне белсене араласатын, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдайтын күш екенін көрсетті. «Таза Қазақстан» акциясы – осының айқын дәлелі.
Табиғат – баршамызға ортақ құндылық. Оны сақтау әрбір азаматтың міндеті. Кәсіподақ мүшелері бастаған бұл шара тек бір күндік науқан емес, ел болашағына жасалған жауапты қадамдардың бірі болып отыр.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.