Тараздық студент су тазартатын тыңайтқыш ойлап тапты

0 5

Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз университетінің ғылыми қызметкері Ұлжан Қанатбек суды тазалау мақсатында қолдануға болатын биочар органикалық тыңайтқышын ойлап тапты. Бұл тыңайтқыш суды тазалаумен қатар, топырақтың құнарлылығын да арттырады.
Тіршілік көзі саналатын судың азаюы – бүгінде әлем халқын алаңдатып отырған күрделі мәселе. Таза ауыз судан бөлек, егіндік алқаптарға қажетті суармалы алқапқа су жеткізу де оңай болмай тұр. Бар суды тиімді пайдалану үшін ғалымдар түрлі әдістерді ойлап тауып, қазіргі уақытта егіндікті тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілдері қолданылып жүр. Солардың бірі-Ұлжан Ғалымжанқызы.
Жас ізденуші Ұлжан Ғалымжанқызы 2003 жылы Тараз қаласында дүниеге келіп, Майтөбе ауылындағы Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектебінде оқыған. Ал кәсіби білімді М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде жалпы химия мамандығымен алған. Өзін оқытқан университетте қазір ғылыми бағытта қызмет етіп жүрген ол елге пайдасы тиер түрлі зерттеулерді жасап келеді.
– Біздің жобамыз ауыл шаруашылығындағы қалдықтарды, мысалы, жануарлардың қиы мен өсімдік қалдықтарын қайта өңдеп, пайдалы өнімге айналдыруды көздейді. Нәтижесінде экологиялық ластану азаяды, ал алынған өнім – биочар органикалық тыңайтқышты топырақтың құнарлылығын арттыру мақсатында пайдалануға және су тазалау мақсатында қолдануға болады. Бұл бір жағынан қалдықтарды кәдеге жаратуға, екінші жағынан ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мысал ретінде айтар болсақ, өзіміздің өңіріміздегі қант қызылшасы қалдықтарын және фосфогипсті синтездеу арқылы биочар негізінде тыңайтқыш алуды жоспарлаудамыз. Түсінікті болу үшін айта кетейін, Тараздағы фосфогипс – минералды тыңайтқыштарды өндіру барысында «Қазфосфат» зауытында түзілетін өндірістік қалдық.
– Менің негізгі ғылыми ізденісім – су тазалау технологиялары мен экологиялық таза материалдарды әзірлеу саласында. Бұған дейін ауыл шаруашылығы қалдықтарынан активтелген көмір мен биочар алып, оны судан ауыр металдар және органикалық ластаушы заттарды тазарту мақсатында қолдану бойынша зерттеулер жүргіздім,-дейді Ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.