Байзақ ауданында “Таза Қазақстан” акциясы аясында 800 түп ағаш отырғызылды

0 3

Байзақ ауданында “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында кең көлемді іс-шара өтті. Бұл шара елімізде өткізіліп жатқан республикалық тал егу науқаны аясында ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғау мен көгалдандыру жұмыстарына тың серпін берді.

Акция барысында жалпы аудан бойынша 800 түп қара ағаш отырғызылды. Олардың басым бөлігі Қостөбе ауылдық округінің аумағына егілді. Бұл – ауданның экологиялық ахуалын жақсарту жолында жасалып отырған маңызды қадамдардың бірі.

Іс-шараға аудан әкімі Олжас Баққараев, аудан әкімінің орынбасары, “ЖАҢАРУ” РҚБ Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, “AMANAT” партиясының мүшелері, мәслихат депутаттары мен ауыл тұрғындары белсене қатысты. Қатысушылар ауыл маңын көгалдандырып, тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты.

— Әрбір егілген тал – болашаққа жасалған инвестиция. Ауылымыздың көркеюі мен ауаның тазалығы осындай ортақ еңбектің нәтижесі, – дейді акцияға қатысушылар.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен бұл шарада “Сарыкемер–Тараз” бағытындағы автомобиль жолының бойына ағаш көшеттері отырғызылып, аумақты абаттандыру жұмыстары да жүргізілді.

Тұрғындар мұндай игі бастамаларды қолдап, экологиялық акциялардың тұрақты түрде өткізіліп тұруы қажет екенін жеткізді. “Бір тал кессең, он тал ек” деген халық даналығын ұстанған қостөбеліктер алдағы уақытта да көгалдандыру мен тазалықты сақтау ісіне белсенді араласуға ниетті.

Осындай шаралар арқылы Байзақ ауданы “Жасыл аймақ” жобасын табысты жүзеге асырып, ел ішінде экологиялық мәдениетті нығайтуға нақты үлес қосып келеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.