Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жасанды интеллект дәуірінде мәдениет пен өнердің рөлі ешқашан төмендемеуі тиіс екенін, осы салада инфрақұрылымды жаңғырту мен мәдени мекемелерді заманауи талаптарға бейімдеу қажеттігін нақты атап өткен еді. Бұл бағытта өңірдегі мәдениет саласында да ауқымды істер атқарылып жатыр. Мәселен, күніне ондаған туристер келіп кететін «Айша бибі» кесенесіне электрондық билет жүйесі енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, мұражайлардың экспозициялық залдарында а QR-кодтар, сенсорлы киоскілер, мультимедиялық ақпараттық құрылғылар орнатылған.
Бұл – ұлттың рухани негізін нығайтуға бағытталған маңызды әрі дер кезінде қабылданған шешім екені сөзсіз. Президенттің осы ұстанымы музей ісіне де тікелей қатысты. Себебі бүгінгі музей – жай ғана жәдігерлерді сақтайтын орын ғана емес, ол – тарих пен болашақты жалғайтын, заманауи технологиямен жабдықталған, жас ұрпақпен интерактивті байланыс орнататын жаңа форматтағы мәдени орта. Музейлер – ұлт жадының тірі куәгері. Сол себепті музейлер заман талабына сай трансформацияланып, жасанды интеллект, виртуалды көрмелер, цифрлық архивтер мен интерактивті экспозициялар сияқты жаңа шешімдерді енгізуге ұмтылуы қажет.
Мәселен қазір «Айша бибі» кесенесінде электрондық билет жүйесін енгізу жұмыстары басталған. Бұл жүйе бейнекамера, турникетпен жабдықталып, face ID немесе ID-карта арқылы кіру мүмкіндігін ұсынады. Осындай жүйелер «Әзірет Сұлтан», «Отырар» музей-қорығы, «Қарахан кесенесі» сынды тарихи нысандарда да енгізіледі. Министрдің сөзімен айтсақ: «Мәдениет цифрланбаса – ол тұйықталады. Қазіргі ұрпақ ақпаратты визуалды, интерактивті түрде қабылдайды. Егер біз жастарды ұлттық мәдениетке тартқымыз келсе, оны олардың тілімен, яғни цифрлық ортада сөйлетуіміз керек. Бұған қоса, цифрландыру – мұраны сақтау кепілі. Қағаз құжат пен қолжазба тозады, бірақ цифрлық нұсқа мәңгі сақталады және әлемнің кез келген нүктесінен қолжетімді болады».
Салада қолға алынған ауқымды өзгерістер аясында облыстық тарихи-өлкетану музейі де жаңаша бағытта жұмыс істеп, тың бастамаларды жүзеге асыруда. Өңірдің рухани және мәдени орталығына айналған облыстық музей Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі. 1931 жылы есігін айқара ашқан музейде бүгінде 72 мыңнан аса бірегей жәдігер сақтаулы.
– Біздің музей – тек өткенді жинақтап, сақтайтын орын емес, бұл – болашаққа жол көрсететін, сананы жаңғыртатын, цифрлық технологияны толыққанды меңгерген заманауи мәдени орта. Бүгінгі таңда экспозициялық залдарымызда QR-кодтар, сенсорлы киоскілер, мультимедиялық ақпараттық құрылғылар орнатылған. 3D форматта голограммалар ұсынылады. Бұл – тек музей тәжірибесін жаңарту емес, бұл – өскелең ұрпаққа тарихи жадыны заманауи тілде жеткізуге арналған тың шешім. Сонымен қатар, «Тифло музей» жобасы арқылы көру қабілеті шектеулі азаматтар үшін де толыққанды жағдай жасалған. Экспозиция залдарында тақырыптарына сәйкес жәдігерлер, сонымен қатар, әрбір залда, музей фойесінде қосымша ақпарат беретін электронды сүйемелдеуіштер (моноблок, TV, интерактивті киоскілер) қойылған. Қазіргі уақытта музейдің құнды жәдігерлеріне QR-код орнатылған. Бұл келушілердің өз беттерінше ақпарат алуына мүмкіндік береді. QR-кодта 3 тілде берілген тарихи ақпартатар жүктелген. Сондай-ақ музейдегі үлкен жаңалықтың бірі – заманауи инновациялық технология, лазер арқылы жасалған, суреттерді көрсететін голограмма. Голограммаға облысымыздың тарихи-архитектуралық ескерткіштері виртуалды түрде көрсетіледі. Келушілер іс жүзінде 3D форматтағы голографиялық шоуды жан-жағынан тамашалай алады, – дейді Сейтжан Рысбекұлы.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.