Достық үйінде «Әзірбайжан өнерінің тарихы мен мәдениетінің ерекше тұсы» атты көрме өтті

0 2

2025 жылдың 28 қазанында Достық үйінде «Хазар» әзірбайжан этномәдени бірлестігі қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әзірбайжан өнерінің тарихы мен мәдениетінің ерекше тұсы» атты өнер және этнографиялық бірегей жеке коллекциялар көрмесі өтті.

Салтанатты ашылу рәсімі барысында Жамбыл облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, «Жомарт жан» қайырымдылық орталығының мүшесі Ғұлам Умаров қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, көрменің маңыздылығын атап өтті.

Көрмеде 100-ден астам бірегей туындылар мен этнографиялық бұйымдар қойылды. Іс-шараны өткізуге Меркі ауданындағы «Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы мен мүшелері белсене атсалысты.

Ресми бөлімнен кейін қатысушылар көрмеде ұсынылған мәдени және рухани мұра экспонаттарымен танысты. Көрмеге қойылған жәдігерлердің басым бөлігі ХІХ ғасырмен мерзімделетін, Әзірбайжаннан әкелінген тарихи бұйымдар болып табылады. Олардың арасында кілемдер, ыдыс-аяқтар, құмыралар, бас киімдер мен түрлі кәдесыйлар бар.

Көрменің ашылу салтанатында «Хазар» әзербайжан қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асабали Поилиев пен Меркі ауданындағы «Әзірбайжандар қауымдастығы» РҚБ филиалының төрағасы Гульага Джамалов қатысушыларды көрменің ашылуымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Айта кету керек, Гульага Джамалов Меркі ауданынан аталмыш бірлестікке қатысты жәдігерлерді арнайы әкеліп, көрменің мазмұнын байыта түсті.

Шара соңында «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова белсенді қатысушылар мен ұжымдарды алғыс хаттармен марапаттады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.