Білім беру мекемелеріне жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде

0 3

Бүгін Тараз қаласында білім беру саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу мақсатында мұғалімдермен ақпараттық кездесу өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында ЖИ-ді білім беру жүйесіне ерте жастан енгізу қажеттігі айтылған болатын. Осы бағытта «AMANAT» партиясы мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп, мұғалімдерге арналған «Ustazga AI» жобасын іске қосты.
Аталған жобаны түсіндіру мақсатындағы жиынға «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Уалихан Болатбек, «Daryn.Online» компаниясының бас директоры Айбек Қуатбаев, «Daryn Ustaz» орталығының директоры Ерлан Абдиманапов, сондай-ақ мемлекеттік мекемелермен жұмыс бөлімінің жетекшісі Ернар Сейткул қатысты.
Сонымен қатар, кездесуге облыс әкімдігі білім басқармасының мамандары, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, мектеп директорлары мен мұғалімдер қатысты.
Жиын барысында «Ustazga AI» жобасының артықшылықтары мен мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді. Жобаның басты мақсаты – мұғалімдерді ЖИ құралдарын тиімді әрі жауапты қолдануға үйрету арқылы олардың жұмыс жүктемесін азайтып, оқыту сапасын жақсарту.
Айта кетейік, жоба үш кезеңнен тұрады.
Бірінші кезеңде ұстаздар «Жасанды интеллект – педагогтың көмекшісі» атты тегін онлайн курстан өтеді. Бұл оқыту 2025 жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады.
Екінші кезеңде өңірлерден үздік жобалары іріктеліп алынған 400 мұғалім «Мұғалім AMANAT» атты педагогикалық хакатонға қатысады.
Үшінші кезеңде хакатонның 20 жеңімпазы 2026 жылдың маусым айында Оңтүстік Кореяда өтетін 7 күндік халықаралық тағылымдамаға жолдама алады.
Мақсат – шетелдік озық тәжірибені зерделеу арқылы ЖИ технологияларын білім беру жүйесіне тиімді енгізу.
Жасанды интеллект бүгінде білім беру саласында күн сайын маңызды рөл атқарып, оқыту жүйесіне түбегейлі өзгерістер әкелуде. Қазіргі тенденцияларды саралай отырып, ЖИ тек әкімшілік тапсырмаларды автоматтандырып қана қоймай, сонымен қатар білім беру бағдарламаларын әр оқушының қабілетіне бейімдеп, жаңа мүмкіндіктер туғызатынын айтуға болады. Мұғалімдер үшін де ЖИ құралдарының тигізер пайдасы мол. Олар оқушының жетістігін бақылап, тест нәтижелерін саралап, үлгерімі төмен оқушыларға дер кезінде назар аударуға, сабақ жоспарлауға айтарлықтай көмек береді. Бұған қоса, құжат жүргізу, есеп тапсыру секілді уақытты көп алатын рутиналық жұмыстарды автоматтандырып, мұғалімді шығармашылыққа бағыттайды.
Қазіргі таңда ЖИ негізінде құрылған Coursera, Khan Academy, Duolingo, ChatGPT сияқты платформалар онлайн оқытудың ажырамас бөлігіне айналып отыр. Бұл платформалар оқушыға интерактивті тапсырмалар ұсынып, бірден кері байланыс береді, бейімделген тесттер арқылы нақты қателіктерін көрсетіп, түсіндірме береді. Мұның бәрі оқушының білімді терең түсініп, өз қатесін түзеуіне мол мүмкіндік береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.