90 мыңнан астам қазақстандық студент шетелде оқиды. Еліміздің жас буыны өз болашағына инвестиция жасап, әлемдік стандарттар бойынша сапалы білім алу үшін шетелдегі оқу мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, жаңа білім мен дағдыларға қол жеткізуге ерекше құштар. Бұл туралы ресми деректер не дейді? Ал «Болашақ» бағдарламасы бізге не үшін қажет?
Бүгінгі таңда шетелде білім алғысы келетін жастардың саны азаймаса, кемімейтіні анық. Бірі жақсы университетке түсіп, сапалы білім алуды көздеп барса, бірі жаңа тіл меңгеріп, халықаралық ортада өзін дамытуға ұмтылады. Сонымен қатар шетелде оқу жастарға кең дүниетаным, жаңа мәдениет пен таныстық және болашақта кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту сияқты артықшылықтар береді. Тіпті шетелде білім алуды кішкентайынан армандап, сол арманына қол жеткізетіндер де бар. Мысалы, чехияның прага қаласында орналасқан Association Educational Centre университетінің студенті Кабашев Аслан бұл туралы:
- Шетелге оқуға түсу – бала кезімнен келе жатқан арманым. Қазір бәрі қолжетімді, кез келген мемлекетке қолайлы бағамен барып, тәжрибе жинауға болады. Ал білім беру жүйесіне келсек, Чехия университеттерінің, әсіресе Прага қаласындағы университеттердің, бай тарихы мен еуропалық білім берудегі орны ерекше. Сабақта тек теория емес, нақты жобалар және зерттеулермен айналысуға мүмкіндік бар, – деп пікір білдірді.
Шетелде білім алу – жастар үшін маңызды қадамдардың бірі. Қазақстан жастардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды жасауға ұмтылуда. Бүгінде еліміз шетелде білім алатын студенттер саны бойынша әлемде көшбасшы елдердің қатарында. ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, 90 мыңнан астам қазақстандық шетелде жоғары оқу орындарында білім алуда. Бұл көрсеткіш елдің білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде танылғанын және жастарымыздың әлемдік стандарттар бойынша бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді. Қазақстандық студенттер көп жағдайда – Ресей, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея мемлекеттерін таңдайды. Ресейде шамамен 60 мыңнан астам студент бар, Қытайда – 12 мың, ал АҚШ пен Ұлыбританияға жыл сайын екі мыңға жуық студент аттанады. Оңтүстік Корея да жастар арасында танымал бағыттардың бірі. “Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің” мәліметіне сәйкес, 2024–2025 оқу жылында елдегі студенттердің жалпы саны шамамен 624 мың адамды құрады, оның 90 мыңы шетелде білім алуда. Халықаралық филиалдардың ашылуы мен серіктестік бағдарламалардың дамуы жергілікті университеттерге деген қызығушылықты арттырады. Сондай-ақ, жастарға таңдаған мамандықтарын меңгеруге көмектесетін түрлі жобалар да бар. Солардың ішінде ең танымалы – «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы. 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл бағдарлама 2023–2024 жылдары 946 шәкіртақы беріп, елдегі ең білімді жастарды қолдауда.
Шетелде білім алу тәжірибесі әр студент үшін ерекше маңызды әрі сынаққа толы кезең. Көптеген жастар жаңа білім мен дағдыларды меңгеру үшін өз мүмкіндіктерін кеңейтуді қалайды. “Өз еліңнен жырақта бөгде мемлекеттің тілін меңгеру қиын ба?” деген сұраққа Түркиядағы Şeyh Edebali Üniversitesi студенті Асылжан Жұмабаев:
- Қазір оқып жатқаным – Түрік тіл, тілдің ең бірінші деңгейін (А1) өтіп жатырмын. Әрине, басында үйрену қиын болды, бірақ уақыт өте келе үйреніп кеттім. — деп жауап қайтарды.
Шетелде білім алу жастар үшін тек оқу процесі емес, сонымен қатар жаңа мәдениетпен танысу, дүниетанымын кеңейту және кәсіби мүмкіндіктерін арттырудың тиімді жолы. Қазақстандық жастар әлемдік білім стандарттарына сай бәсекеге қабілетті болып, өз арманын жүзеге асыру үшін белсенді әрекет етіп отыр. Елдегі мемлекеттік бағдарламалар мен халықаралық серіктестіктер студенттердің шетелде білім алуына қолдау көрсетіп, олардың болашағын қалыптастыруға септігін тигізуде. Сол себепті шетелде оқу – тек білім алу емес, сонымен қатар жеке тұлға ретінде дамудың маңызды кезеңі болып саналады.
Амирова Ару