Жыл сайын мыңдаған жас түлек өміріндегі маңызды кезең — Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Бұл тек білім сынағы ғана емес, кей жастар үшін тағдырын шешетін сәт. Бірақ осы бір маңызды сынақ жасөспірімдердің психологиясына қатты әсер етуде. Бұл сынақ – тек болашаққа жолдама емес, жастардың психологиялық тұрғыда үлкен сыннан өтетін кезеңі.
ҰБТ — еліміздегі білім сапасын бағалайтын маңызды емтихан. Оның мақсаты — оқушылардың мектепте алған білімін тексеру, ЖОО-на түсу мүмкіндігін беру. Дегенмен бұл тест — жастар үшін тек білім сынағы емес, сонымен бірге психологиялық қысым көзіне айналып барады. Соңғы жылдары мамандардың айтуынша, ҰБТ-ға дайындық барысында күйзеліс, мазасыздық, ұйқысыздық сияқты белгілермен жиі кездесетін жастар саны артып келеді.
Психолог мамандардың зерттеуіне сүйенсек, жастардың 65%-ы ҰБТ-ға дайындық кезінде жүйке жүйесіне салмақ түсіретінін мойындайды. Бұл — үлкен көрсеткіш. Себебі оқушы тек ата-ана, мектеп, қоғамның үмітін ақтауға емес, сонымен қатар өз өмірінің бағытын анықтауға тырысып, үлкен жауапкершілікті сезінеді.
Тест алдында көп оқушыларда мынадай белгілер пайда болады:
— қобалжу және үрей;
— өз-өзіне сенімсіздік;
— психологиялық шаршау;
— паника шабуылдары.
Мұндай ауыр эмоционалды жүктеме олардың болашаққа деген сенімін әлсіретуі мүмкін. Кейбір оқушылар ҰБТ-ны болашақ өмірінің жалғыз жолы деп қабылдайды, нәтижесінде жоғарғы балл алуға тырысып, өз денсаулығына зиян келтіретін жағдайлар да кездеседі. Психологтардың айтуынша, бұл кезеңде ата-аналар мен мұғалімдердің қолдауы аса маңызды.
«Қосағаш» ЖББМ-нің 11-сынып оқушысы Жұман Аружан ҰБТ-ға дайындығы жайлы айтып өтті:
- Мен ҰБТ да жоғары балл алу үшін бар уақытымды дайындыққа жұмсап жатырмын. Тіпті, ас ішуге уақытым жетпей, ұйқым бұзылуда. Бұның барлығы денсаулыққа кері әсерін беріп жатыр. Психологиялық тұрғыдан қатты шаршасамда ата-анамның үмітін ақтау үшін барымды саламын, — дейді.
Орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Сламбекова Маржан оқушылардың дайындығы жайлы өз пікірін білдірді:
- Біз тек білім беріп қана қоймай, оқушылардың көңіл күйін бақылап отыруға тырысамыз. Сабақтан бөлек, психологиялық қолдау да қажет. Бұл – үлкен емтихан ғана емес, өмір мектебі, — дейді ұстаз.
ҰБТ — талапкердің өміріндегі маңызды кезең, бірақ ол баланың тұлғалық дамуына кері әсер етпеуі керек. Бұл үшін ата-ана мен мектеп ұстаздарының қолдауы өте маңызды. Жастардың мықты болашағы — олардың дені сау психологиясымен тікелей байланысты. Сондықтан ҰБТ — бұл тек білім сынағы ғана емес, ел болашағының рухани тұрақтылығын қалыптастыру жолындағы үлкен сынақ екенін естен шығармауымыз керек.
Орынбасарова Зере