Қазіргі кезде мектеп өмірінде жиі кездесетін мәселелердің бірі — буллинг. Кейбіреулер оны жай ғана қалжың немесе әзіл деп қабылдайды. Бірақ шын мәнінде буллинг — адамға қатты әсер ететін, оның көңіл-күйіне, тіпті өмірге деген көзқарасына да өзгеріс әкелетін үлкен проблема.
Буллингке ұшыраған оқушылар көбінесе өздерін жалғыз сезінеді. Олар қорқады, ұялады, ешкімге сенбейді. Кейбіреулері тіпті мектепке барғысы келмейді. Себебі оларды біреу тағы да мазақ етіп, ренжітеді деп ойлайды. Осындай жағдайлар баланың өзіне деген сенімін төмендетеді.
Буллингтің ең жаманы — адамның іште бәрін жинап, ешкімге айтпай жүруі. Сыртынан қарағанда бәрі жақсы сияқты көрінеді, бірақ ішінде үлкен қайғы болуы мүмкін. Сол үшін бұл «үнсіз айқай» деп аталады.
Осы тақырыпты ашу мақсатында мектеп оқушысынан сұхбат алдық:
— Саған басқа оқушылар буллинг жасаған кездер болды ма?
— Иә, болды. Кейбір сыныптастарым мені үнемі мазақ ететін. Басында қалжың ретінде киімімді мазақтайтын, бірақ соңында ол қалжың маған ауыр тиетін болды. Өзімді өте жаман сезіне бастадым. Сабақта отырсам да көңілім болмайтын. Үйге барып жылайтын кездерім көп болды.
— Неге ешкімге айтпадың?
— Ұялдым. Маған ешкім көмектеспейді деп ойладым. Тағы да күледі деп қорықтым.
— Қазір жағдайың қалай?
— Қазір жақсы. Бір күні мұғалім байқап қалып, менімен сөйлесті. Содан кейін бәрі аздап өзгерді.
Бұл сұхбаттан түсінгеніміз — көп балалар өз мәселесін іште сақтайды. Олар көмек сұрауға қорқады немесе ұялады. Бірақ шын мәнінде, кез келген адамға қолдау керек.
Буллинг тек сөзбен ғана емес, іс-әрекетпен де болуы мүмкін. Мысалы, біреуді әдейі топқа қоспау, сөйлеспеу, мазақ ету — бұлардың бәрі буллингке жатады. Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде де буллинг көбейіп кетті. Комментарийде жаман сөз жазу да адамға ауыр тиеді.
Егер буллинг ұзақ уақыт жалғасса, ол адамның психологиялық жағдайына зиян келтіреді. Бала тұйық болып кетуі мүмкін, ешкіммен сөйлеспейді, өзіне сенбейді. Сондықтан мұндай жағдайды елемей қоюға болмайды.
Менің ойымша, егер біреу буллинг көріп жатса, оған көмектесу керек. Кем дегенде жылы сөз айтып, қолдау көрсетуге болады. Ал буллинг жасайтын адамдар өз әрекетінің басқаға қаншалықты ауыр тиетінін түсінуі керек.
Буллинг — жай әзіл емес, ол адамның жүрегіне ауыр тиетін нәрсе. Әр адамның ішінде айтылмай қалған сезімдер болуы мүмкін. Сол себепті біз бір-бірімізге мейірімді болып, қолдау көрсетуді ұмытпауымыз керек. Себебі кейде бір жылы сөздің өзі адамға үлкен көмек бола алады.
Қалшеріп Мінәуәр