Мойынқұмда жел электр станциясы салынады

0 3

Қазақстанда «жасыл экономикаға» көшу аясында жаңартылатын энергия көздерін дамыту жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бағытта жел энергетикасын дамыту және күн мен жел энергиясын тиімді пайдалану технологияларын енгізу басымдыққа ие.

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында француз инвесторларының қатысуымен қуаты 1 ГВт болатын «Мирный» жел электр станциясының құрылысы жүзеге асырылуда. Жоба өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға және елдегі «жасыл» энергия үлесін көбейтуге бағытталған маңызды бастама болып табылады.

Жамбыл облысы жел энергетикасын дамытуға қолайлы табиғи-климаттық жағдайларымен ерекшеленеді. Тұрақты жел ағындары мен географиялық ерекшеліктер ірі энергетикалық нысандарды тиімді орналастыруға мүмкіндік береді. Жобаны Aqtas Energy компаниясы іске асыруда. Жалпы инвестиция көлемі 620 млрд теңгені құрайды.

Жоба аясында қуаты 300 МВт және сыйымдылығы 600 МВт/сағ болатын энергия жинақтау жүйесін енгізу көзделген. Бұл электр энергиясын тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді.

Жоба толық іске қосылғаннан кейін жылына шамамен 3,9–4 ТВт/сағ электр энергиясын өндіру жоспарлануда. Бұл атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының көлемін жылына 3,2–3,5 млн тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Құрылыс кезеңінде 2000-ға дейін жұмыс орны ашылып, өңірдегі жұмыспен қамту мен инфрақұрылымның дамуына оң әсерін тигізеді. Пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 200 тұрақты жұмыс орны құрылады. Станцияның пайдалану мерзімі кемінде 25 жылды құрайды.

Қазіргі уақытта шамамен 30 мың гектар аумақта геологиялық, топографиялық және экологиялық зерттеулер жүргізілуде. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды дамыту және электр желілеріне қосылу бағыттары айқындалуда. Жобаны аяқтау 2028 жылға жоспарланған.

Жобаны жүзеге асыруға TotalEnergies, «ҚазМұнайГаз» және Samruk-Energy компаниялары қатысуда. Жел электр станциясының аумағында қуаты 6,5–7,7 МВт болатын шамамен 150 жел қондырғысы орнатылады.

«Мирный» жобасы Қазақстан мен Орталық Азиядағы жел энергетикасының ірі нысандарының бірі ретінде қарастырылып, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, электр энергиясы тапшылығын азайтуға және тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге ықпал етеді.

Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту 2010 жылдан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі ЖЭК нысандарының жалпы қуаты 551,3 МВт-қа жетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.